You are here

«ЧАК –ЧАК» МЕЙРАМЫ

11.10.2016, 17:55   401

Версия для печатиPDF versionEPUB version

2016 жылғы 9 қазан күні «Шалқыма» концерт залында дәстүрлі «Чак-чак party» мерекесі өтті. Биыл бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен ұштасты.

«Чак-чак» мейрамы – бұл диқаншылардың  дәстүрлі мерекесі. Ықылым заманнан халық  «ас атасы – нан» деп бекер айтпаған. Ұннан жасалатын кез-келген өнім сияқты чак-чак – дастарханның ең басты тағамы. Жазғы жұмыстардың жемісін ұлықтау мақсатында, астық жиналған соң, халық жиналып, мереке ұйымдастыратын.

Қазіргі таңда «байрам» сөзін заманауи тілде «party» деп айту сәнге айналған, ол ағылшын тілінен аударғанда «кеш өткізу, қыдыру» деген мағыналарды береді. Мерекенің жаңа атауы облыстық татар-башқұрт этномәдени орталығының белсенді жастарының  2008 жылы Қазан қаласында өткен үшінші Бүкіләлемдік татар жастар форумына қатысуынан бастау алады.

Мерекелік іс-шара дәстүр бойынша баян сүйемелдеуімен «Ихлас» вокалдық ансамблінің орындауындағы «Жиләкля жәйләрді» атты татар халық әнімен ашылды.  Бұл іс-шараның өзіне тән ерекше қасиеті – жанды дауыста әндердің шырқалуы ғана емес, сондай-ақ баянмен сүйемелдеудегі жарасымды үндестігінде.

Іс-шара барысында «Ихлас» облыстық этномәдени бірлестігінің төрағасы Анвар Керейбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтай отырып, баршаға зор денсаулық пен табыс тіледі.

Осындай керемет мерекені тек қана зал көрермендері ғана емес, сахна төріндегі қатысушылар да көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Шахтинск қаласынан келген «Алсу» ансамблі, Ақтас кентінен «Яхташлар» вокалды ансамблі, Абай қаласынан «Ляйсан» татар-башқұрт шығармашылық тобы мерекенің сән-салтанатын келтірді. «Ихлас» облыстық орталық белсенділері Сабина мен Камиля кеш бағдарламасын жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар, көрермендермен сұрақ-жауап түріндегі қызықты ойындар ұйымдастырып, тіптен чак-чак жеуден де жарыстар өткізді.

Халық әндерін Хадия Құснұтдинова, Малика Мусалимова, Гүлсина Тоқтамышева шырқаса, баянмен сүйемелдеген Фарит Хуснуллин және халық биін орындаған Камиля Аллаярова көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 «Жыл сайын өтетін «Чак-чак» мейрамы – ата-бабалар дәстүріне деген құрмет. Өзіміз дәнді-дақылдарды егіп, жинамасақ та осы уақытта мерекенің тойлануы – біздің парызымыз деп санаймыз. Биыл ұйымдастырылған бұл мереке өте жоғарғы деңгейде өтті. Халық осы мерекені тойлауға атсалысып, қолдау білдіріп жатқандарына өте қуаныштымыз. Облыстық «Ихлас» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі аталған іс-шараға бізді шақырып, осындай деңгейде өткізіп жатқандарына дән ризалығымызды білдіреміз»,- деді өз сөзінде Ақтас кентінен келген «Яхташлар» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Дания Фатихова.

Мерекелік концерт барлық  қатысушылардың  орындауындағы татар халық әні «Туған тілдің» шырқалуымен қортындыланды. Концерттік бағдарлама аяқталған соң, жүргізушілер көрермендерді тәтті чак-чактан дәм татуға шақырды.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 02 96

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15