Атырауда отбасылық медиация проблемалары талқыланды

Атырауда отбасылық медиация проблемалары талқыланды

Версия для печати

Атыраудағы Достық үйінде Отбасы күніне орай «Отбасылық медиация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында отбасы проблемалары мен медиациясы турасында ой қозғалып, баяндамашылар қазақ қоғамында әлеуметтік түйткілді проблемалардың бірі – ажырасу мәселелеріне кеңінен тоқталды.


Атырау қалалық сотының судьясы Алтынай Серікова өз баяндамасында бүгінгі таңда ажырасу мәселесі белең алып тұрғанын айта келіп, соңғы бірнеше айдың ішінде 289 істің қысқартылғанын, арыз беруші отбасылармен бүгінде психолог мамандар жұмыс жүргізіп отырғанын баяндады.

Ал отбасыларды қорғау ресурс орталығының жоба үйлестірушісі Айгүл Тахталиева отбасы қиыншылықтарын шешуде елде «Бақытты отбасы» пилоттық жобасының іске қосылғанын мәлімдеді.

«Бұл жобаның мақсаты - отбасы құндылықтарын сақтай отырып, ажырасуға жол бермеу. Жоба Қазақстанның 8 өңірінде іске асуда. Оның ішінде Атырау облысы да бар. Жалпы бұл жоба 6 айға арналған» деді.

«Отбасы мәселесі» тақырыбында баяндама жасаған Халықаралық құқық қорғау орталығының Атырау облысы филиалының басшысы Рысты Қалиева медиацияның көмегіне жүгінген отбасылардың ішінде ажырасуға себеп болатын бірден бір жағдай ол ішімдікке салыну, құмар ойыны дегенді алға тартты.

Махамбет аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы, кәсіби медиатор Жібек Шамалиқызы «Кәсіби медиатор ретінде отбасы дауларын шешуде іс-тәжірибемнен байқағаным – кейбір аналарымыздың өмірге деген көзқарасы өзгерген. Отбасы тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Ажырасуға мұның өзі де себеп болады. Сондықтан отбасының берекесін сақтап қалуда ең әуелі аналардың жауапкершілігі де жоғары болуы керек» деп атап өтті.

Шараның соңына қарай «Қоғамдық келісім» КММ-нің кәсіби медиаторы Көркемай Каусова аудандарда халықты қабылдау күндерінің кестесі бекітілетінін, сол бойынша азаматтарды қабылдау жүргізіле бастайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар басқа да қатысушылар қозғалған тақырып аясында өз пікірлерін ортаға салып, отбасының берекелі, іргесі ажырамас бүтін болуы тал бесіктен басталатын тәрбиеден бастау алатынын, сондай-ақ, көпті көрген қазыналы қарттардың ақыл-кеңестерін тыңдау қажеттігін айтып ой түйді.

Back to the list