Болгария Вице-Президенті Достық үйінде болды

Болгария Вице-Президенті Достық үйінде болды

Версия для печати

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаевтың Болгария Вице-Президенті И.Йотовамен кездесуі өтті.

Қос тараптың кездесуіне этномәдени орталықтардың өкілдері де қатысты. Болгария Республикасының делегациясын бастап келген Илияна Йотова ресми басқосу алдында Достық үйін аралап, қазақтың ұлттық дәстүрінің көне жәдігерлерін тамашалады және бір шаңырақ астында түтін түтеткен этностардың төл мәдениеті пен туған тілдерін сақтауға, дамытуға берілген мүмкіндіктің кеңдігіне таң қалды. Ол Достық үйінде орналасқан этномәдени орталықтардың өкілдерінің әрқайсысының жұмыс кабинеттеріне бас сұғып шықты.


Жоғары мәртебелі мейманды салтанатты қабылдау кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қазақстан мен Болгарияның халықаралық саясатта мүдделес және одақтас екендігін, Болгария Республикасының Қазақстанның халықаралық деңгейдегі барлық бастамаларына үнемі қолдау білдіріп, үн қосып келе жатқандығын баса айтты.

Қазақстан-Болгария қарым-қатынасының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа сатыға көтерілгендігін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Болгариядағы Қазақстан дипломатиялық миссиясын Елшілік ретінде қайта құру туралы шешімі де айғақтай алады.


Осы мәселелерді тілге тиек ете келе, Жансейіт Қансейітұлы болгар үкіметін Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер Ассоциациясының аясында экономикалық серіктестікті дамытуға шақырды. Дерек пен дәйек екі ел арасындағы тауар айналымының өткен 2018 жылмен салыстырғанда, 30 пайызға артып, 224,9 млн АҚШ долларын құрағанын көрсетеді. Бүгінгі таңда Болгарияға Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың қатарында мұнай, мыс, минералды тыңайтқыштар мен қағаз, жасанды талшықтан жасалатын өнімдердің үлес салмағы артық, ал біздің елімізге дәрі-дәрмектер, электрлік трансформаторлар, электр өндіруші блоктар көптеп импорталуда.

Жансейіт Қансейітұлы сондай-ақ, мәдениет, спорт және өнер саласындағы ынтымақтастық шараларына да тоқталып өтті. Осы мақсатта ол мәдени ынтымақтастықты тереңдету мақсатында екі елде мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Өткен жылы Болгарияда София қаласында Қазақстанмен достықтың белгісі ретінде орталық көшелердің біріне «Астана» атауы берілген болатын. Жансейіт Түймебаев Қазақстан мәдениетіне, спортына, білім саласына елеулі үлес қосып жүрген болгардың ұл-қыздарының еңбегін де ерекше атады. Және осы бағыттағы жұмыстарды дамыта түсуіміз керек деді.

Бүгінде екі ел арасында білім беру саласында жемісті ынтымақтастық жүзеге асырылуда. Болгарияның жоғары оқу орындарында 100-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Болгария мемлекетінің басшылығы София университетінде, София орталық кітапханасында және Техникалық университетте қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттерінің ашылуына мұрындық болыпты. Болгардың білімдар профессарлары мен ғалымдары қазақстандық жоғары оқу орындарында дәріс оқиды. Солардың бірі София университетінің профессоры, саясат ғылымдарының докторы Татьяна Дронзина Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық Кеңесінің сыртқы сарапшысы. Ол екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін «Бірлік» медалімен марапатталған.

Илияна Йотова Қазақстанға сапар шегуіне тарихи отандастарының шақыртуы себеп болғанын жасырмады. Ол Болгария үкіметінің Қазақстанмен достық ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүдлделі екенін айтты. «Бүгінде шетелдегі болгарларды қолдау механизмдері жөніндегі жұмыс саяси тұрғыда жетілдірілу үстінде. Қазақстанда болгарлардың тілін, дәстүрін сақтауына барлық қолайлы жағдай жасалғандығына көзіміз жетті», - деген Илияна Йотова қазақстандық болгар жастарын тарихи отандарында тегін оқытуға грант бөлінетінін айтып және олардың өз туған тілдерін үйреніп, дәріптеуі үшін жексенбілік мектептермен ғана шектелмей, болгар тілінде дәріс беруді мектеп бағдарламасына қосу туралы мәселе көтерді.

Сондай-ақ, «Доссыз өмір – тұссыз ас» деген қазақтың көне мақалын есіне алған Илияна Йотова   әлемнің кейбір елдерінде саяси жағдай ушығып тұрған бүгінгі кезеңде жастарды толеранттылық пен бейбітсүйгіштілік қасиетте тәрбиелеу маңызды деді.


Кездесу соңында Жансейіт Қансейітұлы болгар делегациясының басшысына елдегі бірліктің символы Шаңырақ мүсінін сыйға тартты. Болгарлықтар да құрқол келмепті, олар достықтың ұйытқысы болған Ассамблеяға болгар ежелгі әліпбиінің құймасын тарту етті.

Деректі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда барлығы 4 523 болгар ұлтының өкілі тұрады. Олардың Қазақстанға қоныс аударуы 1907 жылдары Столыпин реформасының тұсында басталған. Бүгінгі қазақстандық болгарлар негізінен Украина мен Бессарабия аймағының байырғы тұрғындары болып табылады. Олар бүгінде негізінен Нұр-Сұлтан қаласының және Павлодар, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының аумақтарында көптеп шоғырланған.

Back to the list