ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдері Ассамблея жұмысына жоғары баға берді

ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдері Ассамблея жұмысына жоғары баға берді

Версия для печати

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің тұрақты өкілдерін қабылдады.

Орталық Азия елдерінің әлеуметінің әлеуетін және ең бастысы, бұл елдердегі шағын ұлттардың тұрмыс ахуалын, ұлттық, мәдени құндылықтарының сақталуын сарапқа салып, зерделеуді мақсат тұтқан халықаралық беделді ұйымның өкілдері Қазақстанға дейін бірнеше елге ат шалдырып үлгеріпті. Сондықтан, Қазақстанның ішкі ұлттық саясатын салыстырмалы түрде жоғары бағалайтындықтарын білдірді.

Делегация құрамында Ауғанстан, Албания, Австрия, Бельгия, Эстония, Венгрия, Исландия, Италия, Литва, Қаратау, Португалия, Румыния, Ресей, Сербия, Словакия, Испания, Швеция, Тәжікстан, Өзбекстан секілді 20-ға жуық елдің өкілі, сондай-ақ, ЕҚЫҰ әкімшілігінің қызметкерлері де бар.

Шетелдік меймандар еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мүдделі іске топтастырған бірегей институт Ассамблеяның құрылымы, оның мәртебесінің заңды негізде бекітілуі, этнос өкілдерінің Конституциямен кепілдік берілген теңқұқылылығы мен еркіндігі, ұлттық тіл саясаты, білім беру ісі, этноәлеуметтік, сондай-ақ, гендерлік саясаттың жүзеге асырылуы туралы мәселелерге қызығушылық танытты.

Жансейіт Қансейітұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының институциялық құрылымын, қызметін толыққанды баяндап берді. Алғашқы уақытта кеңес беру-консультативті орган ретінде құрылған Ассамблеяның бүгінгі таңда азаматтық қоғамды, этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты дамытуда маңызы жоғары мәнге ие болғанын атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Ол мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыра отырып, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға күш салып келеді», - деген Жансейіт Қансейітұлы Елбасы еңбегінің нәтижесінде бірлік пен келісімнің қазақстандық бірегей моделі әлем елдерінің назарын аудартқанын атап өтті.

«БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымдар мен елдердің өкілдері Қазақстанға жиі сапарлап келеді. Бұл Қазақстанның Бірлік моделінің танымалдылыққа ие болғанын аңғартады», - деген Жансейіт Түймебаев Қазақстан аз ұлттар деген терминді қолданудан бас тартқанын және барлық ұлттар мен ұлыстар этнос деп аталатынын айтты. «Қазақстанды мекен еткен барлық этностардың дерлік өз мәдени орталықтары бар. Олардың туған тілдерін, төл мәдениеттерін сақтауына, жаңғыртуына мемлекет жанашырлық танытып, құқықтық, қаржылық негізде қолдау көрсетіп келеді», - деген Жансейіт Түймебаев Қазақстанның әлемдегі этностық, нәсілдік, тектік, тілдік, діни тұрғыдан ұлтаралық шиеленіске ешақашан жол берілмеген бірден-бір мемелекет екенін тілге тиек етті.

«Қазақстан аумағының ауқымдылығы жөнінен дүниежүзі бойынша 9-шы орынды иеленеді. Және Кеңес кезеңінде депортацияға, қуғынға, қысымға ұшыраған халықтардың пана тапқан тұрағына айналуының себебі де оның жерінің кеңдігіне байланысты қалыптасқан тарихи ақиқат», - деді Жансейіт Қансейітұлы. «Қазақстанға қоныс аударғандардың басым бөлігі мұнда өз еркімен келмеді, саяси, әскери, әлеуметтік қысымның салдарынан ата жұртынан айрылуға мәжбүр болды. Шынтуайтында, олардың бойында Қазақстан жеріне деген тарихи сүйіспеншіліктің болмауы да мүмкін еді. Қазақстанда бүгінде 130-дан астам этнос өкілдерінің тату-тәтті тұрып жатқанын ескерер болсақ, елде саяси тұрақтылықты сақтауда Елбасының, ел Президентінің және халықтың үлкен еңбегі бар екенін мойындау керек», - деді елде Кеңес үкіметінің ыдырауынан кейінгі әлеуметтік, саяси ахуалды тұрақтандыру, сақтау туралы сауалға жауап берген Ж.Түймебаев.

Мәртебелі меймандарды қазақ жеріне өзге ұлттар мен ұлыстардың көшінің қай уақытта басталғандығы қызықтырды. Жансейіт Қансейітұлы қоныс аударушылар патшалық Ресейдің тұсында пайда болғанын, кейін Кеңес үкіметі кезіндегі түрлі саяси науқандар мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы эвакуация кезінде жалғасқанын айтты. «Қазақ жеріне депортацияланған немістердің, эстондықтардың, латыштардың, мажарлардың саны әуел баста бірнеше миллионнан асып жығылатын. Алайда, соғыстан кейінгі жылдары олардың көш басын кейін бұруы табиғи заңдылық еді. Бүгінде Қазақстанда негізгі ұлт қазақтардан кейінгі саны жөнінен басымдыққа ие ұлт өкілі – орыстар. Олардың жалпы саны 3,5 млн адам. Одан кейінгі орында өзбектер – 500 мың адам, украиндықтар – 300 мың адам, сол секілді ұйғырлар – 200 мың, кәрістер – 200 мың адам. Елде санының көптігі жөнінен 30-ға жуық ірі этнос бар. Сәйкесінше, республикалық этномәдени орталықтардың саны да 30. Одан бөлек аймақтарда 1025 өңірлік бөлімшелері жұмыс жасайды», - деген Жансейіт Қансейітұлы Ассамблеяның мүшелігіне Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің енуі қамтамасыз етілгенін де айтып өтті.

Қазақстан таңдаған ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді. Қазақстанда этностардың ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, қоғамның теңқұқылы азаматы ретінде қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалған. Этностардың қоғамдық-саяси рөлі ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болуы арқылы да нығая түсті.

«Қазақстан этностары тұтас халықтың бір бөлшегі. Еңбек нарығында олардың жұмыс жасауына, кәсіппен айналысуына ешқандай тосқауыл жоқ. Бізде адамдарды бағалаудың басты көрсеткіші - оның елге сіңірген еңбегі болмақ», - деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақстанда этностардың тілінің сақталуына білім жүйесінде мемлекеттік қолдау көрсету туралы сауалға Жансейіт Түймебаев, этномәдени орталықтар жанында жексенбілік мектептер және этностар көп шоғырланған Шымкент, Алматы қалаларында өзбек, ұйғыр мектептері жұмыс жасайтынын айтты. «Аймақтардағы әрбір Достық үйлерінде балаларды туған тіліне, төл мәдениетіне баулып үйрететін орталықтар, жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. Олардың білім беру ісінде тарихи отандарынан оқулықтар алып келуіне, сондай-ақ, оқытушылар тартуына рұқсат етілген», - деді Жансейіт Түймебаев.

 

Back to the list