Елбасы жолы – ұрпаққа үлгі

Елбасы жолы – ұрпаққа үлгі

Версия для печати

18 жыл өтіпті. Бұл фото 2003 жылы жарық көрген «Жамбыл облысының энциклопедиясынан» өзге жерде жарияланбаған. Біраз жұрт «Эльмираның тасы осыдан кейін өрге домалады» деп топшылайды екен. Кім білсін?

Білетінім, Тараз қаласының 2000 жылдық тойында облыстық өлкетану музейінде жаңадан ашылған екі залдың экспонаттарын Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырып жүріп, қасындағы ешкімді байқамаппын, тіпті жұбайын да. Әйтеуір, Елбасының сұрақтарына осы музейде қырық жыл істеген қызметкер сияқты тосылмай жауап беріп, шығарып салып жатқанда Мәдениет министрі Мұxтар Құл-Мұxаммедтің бас бармағын көрсеткені есімде.

Ал шындығында, тойдың болатынына екі күн қалғанда, сол тұста облыстың мәдениет саласын басқарған, белгілі қоғам қайраткері, жазушы-драматург Әлібек Әмзеұлы шақырып алды да: "Сен Президентке гид боласың" деді. Ол кезде мен аспирантураға түсуге дайындалып, сонымен бірге облыстық Халық шығармашылығы орталығында редактор-сценарист болып қызмет етуші едім. Алғашында сенбедім. Сосын басшымның еш әзілсіз, шын айтып тұрғанын қабағынан сезген соң: "Мен ол музейге әлі кіріп те көрген емеспін, қалай таныстырамын?" деп шегіншектемекші болдым. Алайда Әлекең: «Мен облыс әкіміне сені айтып қойдым. Сенің қолыңнан келеді. Бар, уақытты жіберме!» деп шорт қайырды.


Сол сенім 36 сағатта екі залдың ішіндегі тұнған тариxты бүге-шігесіне дейін бойыма сіңіріп, музей қызметкерлерінің тірнектеп жасаған еңбегін Елбасының алдында абыроймен таныстырып шығуға қуат берді.

Одан кейін бала күнгі арманым журналистикаға бет бұрып, тілшілік қызметте жүргенде өңірімізге іссапармен келген Елбасынан жұртпен бірге жапа-тармағай сұқбат та алдық.

Ал 2007 жылы Еуразия кіндігінде орналасқан ел мақтанышы – Астана төріне әр аймақтың редакторларын шақырып, елдің жайын сұрап, түйткілді сауалдарына жауап беріп әдемі кездесу өткізгенде де, қатардан табылдық. Тұңғыш Президентпен жүздесу бұйырған жандардың қай-қайсысы болмасын, оның ерек харизма, терең интелект, қуатты энергетикасымен сұқбаттасқан адамын баурап алатынын мойындайды.


Халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға дархан даланы мекен еткен халқының сенімін әрдайым ақтай білді. Ел мен Елбасының арасындағы сүйіспеншілікітің түп негізінде де сол селкеу түспеген сенім жатыр. Шекарамызды шегендеп, ядролық қару деген тажалдан бас тартып, бір шаңырақтың астында түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырған Тұңғыш Президентіміз туралы көп нәрсе айтуға да, жазуға да болады. Оның жолы - ұрпаққа үлгі. Кім неге сенсе, соған жолығады. Сенім білдіруде сараң болмайық. Бізге сенгендердің сенімін ақтайық!

Эльмира Мырза-Ғали,

Жамбыл облыстық ҚХА Журналистер клубының мүшесі,

Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы,

қалалық мәслихаттың депутаты


Back to the list