«Елбасымен қосыла ән шырқап едім...»

«Елбасымен қосыла ән шырқап едім...»

Версия для печати

Айтыскер ақын, әнші- сазгер Иран Ильяшев Елбасымен болған ыстық кездесуін еске алып, жылы пікірін білдірді:

– 1993 жылғы тамыз айы болатын. Күн бірде жауып кетіп, бірде ашылып, кәдімгі Сәкен Сейфуллин айтқандай Көкшенің «дамылсыз сұлу бетін жуған» нәрлі суы себеленіп, бірде жарқыраған күн сәулесін төгіп тұрған кез еді. Арқанын ардагері Ақан серінің 150 жылдық тойы шілденің аяқ кезінде өтіп кеткен. Оған Нұрекең келе алмады. Сол кезде Қазақстаннң бұрынғы ел ағасы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қайтыс болды да Нұрекең Ақан тойына кешігіп келді. Нұрекең бастаған үш Президент тобы Бурабайда бір күн болып ертеңіне Жаңа салынған Ақан сері ауылына келуі керек. Әсем, көздің жауын алатындай осы күнгі үздік архитектура үлгісімен салынған жеке меншік үйлер анадайдан көз тартатын Мәдениет үйі, асфальт төселген ауыл көшелері, ауыл шетіндегі Ақан серінің ат үстіндегі, жанында Базаралы тазысы бар, қолында қыран бүркіті бар мүсіні, Құлагердің құдығы... - бәрі тамаша музей экспонаттарындай көрінеді.

Таң ата ауылдың шетіндегі Акан сері - Құлагер алаңына жұрт жинала бастады, халық аспанға қарап, бұлттардың арасынан қашан тікұшақ көрінеді деп Президенттерді күтуде. Мен де домбырамды күйлеп, микрофондарға таянып, үнімді шығарып қоямын. Жұрт қоштап болмаған соң ән кеші де басталып кетті. Сөйтіп Нұрекеңдер келгенше жұртты Арқаның әуендерімен бір сусындатып алдық. Енді бір сәт бейтаныс жігіттер телекамераны құрып маған келіп сұрақ койды: «Сіздің атақ-даңқыңыз бар ма? Қазір Президенттерді қарсы алғанда Ислам Каримов туралы жырлайсыз ба?» деп сұрады, «Мен халық арасынан шыққан өнерпазбын, Нұрекеңннен бастап әрбір Президентке оның халқына арнап ән-жыр айтам», - дедім. «Онда біз сізді теледидарға түсіре бастаймыз» - деп әлгілер өз жұмыстарына кірісіп кетті. Сөйтсем, бұлар Ислам Каримовпен бірге еріп келген тележурналистер екен. Артынан олар өз мақсаттарын орындап, Қазақстанның Республика күндері екі мәрте Алматы теледидары арқылы менің үш Президентке арнауымды толық көрсетті.

Міне, үш Президенттің екі тікұшағы да алаңға қонды, президенттер де түсіп жатыр. Жанымда тұрған облыстық филармонияның директоры Майра Тісенова маған: «Ал, Иреке, баста, екі минут уақытың бар, президенттер жанымызға жеткенде сенің арнауың біту керек», - деді. Мен арнауымды бастап кеттім, бірақ президенттерді журналистер қоршап алып, сұрақтар қойып біраз ұстады. Сәлден соң мен жырымды доғардым. Қонақтар тағы бізге қарай бет алып қозғала бергенде Майра: «Баста!» - деді. Мен арнауымды қайтадан айта бастадым. Үш президент, облыс әкімі және маңайдағы ресми адамдар, журналистермен бірге бізге жақындап келіп тоқтады. Мен де құттықтауымды аяқтадым. Елбасы маған: «Басын дұрыс естімедім, қайтадан айт- , - деп сұрады.

«Нұреке, өзің сүйер Көкше міне,

Қуанам жыл құсы боп жеткеніңе.

Әуелі аруақ сыйлап көңіл айтам,

Дүниеден Димаш ағам өткеніне», – деп әнімді жалғап кеттім. Арнау аяқталғаннан кейін Нұрекең құшағын жайып: «Бері кел!» - деді. Содан үш президентпен кезек-кезек сүйісіп, құшақтасып, амандастым. Әрі беріден соң қонақтар жиналған халықпен ыстық ықыласпен амандасып, әңгімелерін бастап кетті.

Бір сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен оңтүстіктің қазағымын, бірақ Абылай, Кенесары заманында барлық қазақ тізе қосып тәуелсіздік үшін, елдік үшін күрескен қазақ жерін қорғаймын деп келген Қарасай деген батыр да осы Көкшеде жерленген екен. Әрқашан елдік үшін бірлік керек...», - дегенді айтты. Жұртпен біраз әңгімелескеннен кейін үш президент Ақан сері - Кұлагер ескерткішін маңайлады. Бағдарлама бойынша сол тұста Ақан серінің «Құлагер» әні айтылу керек екен, оны айтатын Нұрлыбек Байшұнғұлов келмей қалыпты. Содан маған колқа салынды. Қонақтар ескерткішті көріп біткенше мен «Кұлагерді» шырқадым.

Мемлекет басшылары ескерткішті көріп, енді Ақан ауылына қарай жаяу бет алды, Нұрекең менің жанымнан өтіп бара жатып: «Иран, тағы айт әнді», - деді. Бірақ «сценарий» бойынша диктор сөйлеу керек екен. Ақан сері ауылының Мәдениет үйінің алдындағы алаңда Айыртау ауданы және облыс өнерпаздары 20 минуттай концерт берді. Концерттен кейін үш Президент бастаған топ жаңа ауылдың көшелерін көруге кірісті. Бір кезде мен Мәдениет үйінің алдындағы алаңда тұрып қалыппын, енді қарасам Президенттер тобы қайтып оралып келе жатыр екен.

Нұрекеңнің әнді тағы айт деген тілегі еске түсті ме, білмеймін, мен Біржан салдың «Айтпай» әнін бар даусыма салып шырқай бастадым. Нұрекең мен жаққа қарады да, өзіне шақырып қолын бұлғады, жаныма екі жігіт жетіп келіп Президенттердің жанына баруымды өтінді. Сол «Айтпай» әнін тоқтатпастан үш президенттің ортасына тағы да түстім. Нұрекең бастап, үш Президент «Айтпайдың» қайырмасы «Жер шоқтығы Көкшетауға...» қосылып кетті. Арт жағымнан біреу маған Украинаға барғанда шығарған «Украина золота» әнін де айт деп сұрады. Мен әннің шыққан тарихын айтып, әнді орындап бердім. Бәрі мәз-мәйрам күлісіп, риза болғандай.

Одан Сырымбет ауылында, таудың басында, президенттердің алдарында тағы да Ақан сері әндері «Ақтоқты-Балкадиша ұрпағының әні» де шырқалды. Дәл қайтарда ел өнерпаздарына риза болған Нұрекең өзі бастап халык әні «Ауылымды менің іргеліні» шырқап кетті, біз бәріміз қосылып, қоштасып шығарып салдық.

Міне, өнер адамы ретінде менің Нұрсұлтан замандасыммен кездескенде алған әсерлерім ойды өрбітіп, сезімді шалқытқандай. Нұрекең жақсыда жаттық жоқ дегендей. бұқара халықпен тіл табысып, тез араласып кететін азамат. Қазақ өмірін, ақжарқын, жақсыны бірден қырандай шалатын қырағы, Қазақстандағы барлық ұлттардың жағдайын жақсы білетін басшы. Жатса, тұрса ойлайтыны елдің бірлігі, татулық, достық. адамгершілік. Үш Президентке арнаған толғауымда Нұрекеңе арналған мынандай өлең жолдары бар:

«Әніммен асқақтайды жырым менің

Тартады азаматтық сырым менің,

- Көгінде тәуелсіздік жарқыраған.

Қазақта Нұрсұлтандай нұрым, - дедім.

Атқанда тәуелсіздік нұрлы таңым,

Асқақтап шарықтайды сырлы әнім,

Ақандар қалай ғана ұмытылар,

Әндетсе домбыра алып Нұрсұлтаным!»

Еншалла, қазақ елі, қазақстандықтар осы референдумда Нұрекеңді бір адамдай қолдайды деп сенемін.

Back to the list