Елімізде медиация институтын дамыту татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды көздейді

Елімізде медиация институтын дамыту татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды көздейді

Версия для печати

Елбасының бастамасымен көпэтносты, көпконфессиялы тәуелсіз жас мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда азаматтық қоғамның маңызды институттарының біріне айналды.

Елдегі этносаралық қатынастар саласын реттеуде тың бағыт ретінде ұсынылған бұл жаңа құрылым аз ғана уақыттың ішінде «әралуандықтағы бірлік» феноменінің негізін қалап, тәуелсіздік алған кезеңде көпэтносты қоғамда жиі кездесетін түйінді мәселелерді жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын бастама болды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық бірегей үлгісі қалыптасты. Бұл халықаралық аренада Қазақстанның сан алуан ұлтты ұйыстырып, этносаралық ынтымақты сақтай білген ел ретіндегі беделін арттыруға ықпал етті.

Жиырма бес жыл ішінде Ассамблеяның қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысып, елдің тұтастығын сақтау бағытындағы маңызды құрылымға айналды. Осылайша, бұл бірегей институт еліміздегі барша этнос өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіріп, ішкі тұрақтылықты сақтау мен орнықты дамуға ауқымды үлес қосып келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасына сәйкес Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарының бірі елде медиация институтын дамыту болып табылады.

Әлемнің ең озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін өркениетті елдердің ұстанымына сай, қаражатты да, уақытты да үнемдейтін, дау-жанжалдарды сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік беретін медиация рәсімдерін ұтымды қолдана білудің артықшылығы сөзсіз!

2011 жылғы 28 қаңтарда елімізде медиацияны қолдану саласын реттейтін Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды және 2011 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткізу қағидасы бекітілді. Бұл елімізде медиация институтын енгізу мен дамытудың нормативтік-құқықтық негізін қалады.

Медиация институты дау-жанжалдарды шешудің балама тәсілі ретінде көптеген мемлекеттерде қолданылады. Алғашқы рет АҚШ-та, уақыт өте келе медиация институты Еуропа, Канада, Австралия, Ұлыбритания мен өзге де елдерде кеңінен қолданысқа енгізілді.

Медиация дегенде, ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы береке-бірлікті сақтау мәселесі көзделеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиация институтының негізгі мақсаты медиацияны дамыту мен насихаттау арқылы оның жұмысын жүйелендіру, ұйымдастыру және елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуда медиация тетіктерін тиімді пайдалану болып табылады. Ассамблея аясында медиация кабинеттері ашылып, медиация кеңестері құрылды.

ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ ҚХА қоғамдық құрылымдарының қызметін үйлестіру мен халықаралық ынтымақтастық және медиация секторының ақпаратына сәйкес, республика бойынша медиаторларға соңғы 4 жылдың ішінде 95 743 өтініш түсті, оның ішінде 56 489 дау-дамай бойынша медиациялық келісім жасалды, 39 254 өтініш бойынша кеңестер беріліп, жанжалға жеткізілмей, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен тараптар өзара келісімге келді.

Қазіргі уақытта «Қоғамдық келісім» КММ және өңірлердегі Достық үйлерінде 503 медиация кабинеті жұмыс істейді, оның ішінде 17-і «Қоғамдық келісім» КММ жанында, 1-і «Тұран–Астана» университеті жанында, 486-і Ассамблея аясындағы диалог алаңдары, мемлекеттік органдардың қоғамдық қабылдаулары, «Нұр Отан» партиясы, ХҚКО, дағдарыс орталықтары, мектептер, емханалар және жұмыспен қамту орталықтарында ашылды.

Ассамблея медиаторларының тізілімінде 962 медиатор тіркелген, олардың қатарында 626 кәсіби емес, бірақ өмірлік тәжірибесі мол, өздері тұратын өңірдің тұрғындары арасында беделі жоғары, сыйлы азаматтар мен азаматшалар бар.

Халықтың арасында танымал, сөзі өтімді медиаторлар ел ішінде болып тұратын дау-жанжалдарды шешуге белсене қатысумен қатар, жастарға отбасы құндылықтары туралы, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, қазақы дәстүрлерді және ұлттық ерекшеліктерді сақтау, жасы үлкендерге, көршілерге құрмет көрсету, қысылғанға қол ұшын беріп, достық, туыстық қарым-қатынастарды нығайту сияқты Ұлы дала елінің жазылмаған заңы іспетті қағидаларды үлгі ретінде ұсынып, тәлім-тәрбие жұмыстарын да жүргізе алады.

Жылдам өзгеретін әлем дау-жанжалдарды шешу әдістерін жетілдіруді, заманауи электрондық платформаларды пайдалануды талап етеді. Қазіргі уақытта елде төтенше жағдай енгізілгеніне байланысты бірқатар елеулі шектеулер енгізілді, көптеген ұйымдар мен кәсіпорындар жұмысты уақытша тоқтатты немесе қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырды.

Онлайн форматқа өту білім беру аясын кеңейтуге және өзара бөлісуге де мүмкіндік береді. ҚХА медиаторлары да еліміздің көптеген мекемелері мен ұйымдарының өкілдері сияқты жаңа жұмыс форматына, онлайн медиацияға көшті.

Әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) «ҚХА медиаторлары» тобы құрылды, онда ҚХА өңірлік медиация кабинеттері мамандарының күнделікті жұмысы орналастырылады. Аталған топтың жазылушылары (олардың саны 230-дан астам) медиация туралы мақалалар жариялап, медиацияны қолданудың тың әдістерімен бөліседі, онлайн-семинарлар, шеберлік сабақтарын, онлайн кеңестер өткізеді. Сонымен қатар жақын және алыс шетелдер медиаторлары өз материалдарын жариялап, медиацияны қолдану тәжірибелерімен бөлісуде.

Карантин баршамызды үйде отыруға міндеттеді, өйткені бұл вирусты тек осындай тәсілмен еңсеруге болады, бірақ отбасылық жағдайда, көршілермен қарым-қатынаста жанжалдар жиілеп кеткені байқалуда. ҚХА медиаторлары осы жанжалды жағдайларды шешуге де көмек көрсетеді, онлайн режимде байланысқа шығады, жанжалдың өршіп кетуінен сақтандыратын шаралар қарастырады.

Ассамблея медиаторлары «Әділетті заң» заң палатасының заңгерлерімен, «MeyirimdiАsylАdam» қоғамдық қайырымдылық қорымен, «Медиацияны дамыту орталығы» ҚБ, «Қарағанды облысының азаматтық кеңесі» ҚБ, «АқЖол» ҚДП филиалы және кәсіпкерлер қауымдастығы мүшелерімен бірлесе Telegram-да «EgovKzKenesBot@Единый центр услуг» тобын құрды, онда барлық қатысушылар өздерінің жетістіктерімен немесе сәтсіздіктерімен де бөліседі, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, бір-біріне көмек көрсетеді.

Көп қойылатын сұрақтардың мазмұны мынадай: ЭЦҚ қалай алуға болады; кімге 42500 теңге төленеді; 42500 сайты, enbek.kz, Egov.kz платформалары арқылы әлеуметтік көмекке өтінімді қалай беруге болады; несиелер бойынша борыштарға байланысты салынған арнайы шоттардан ЖСО шектеулерін және тыйым салуларын қалай алуға болады; азық-түлік жиынтығын қалай алуға болады немесе тұрғындар оларға мұқтаж болған жағдайда қандай көмек алуға болады; коммуналдық қызметтерге 15 мың тг өтеу; балаларға арналған жәрдемақыны ресімдеу; АӘК алу жөнінде. Сонымен қатар, электрондық үкімет порталдарын қалай пайдалану жөнінде және т.б. онлайн-оқыту жүргізіледі.

Әлеуметтік желілер және ватсап желісі арқылы көмек көрсету бойынша хабарландырулар жасалады, халықтың үйде болуын қолдау барынша насихатталады, тегін негізде заңгерлік кеңестер беріледі.

Бүгінгі таңда медиаторлар тобында еліміздің барлық өңірлерінен 8 мыңнан астам азамат тіркелген. Жазылушылар саны күн сайын артуда. Кеңес беру таңертеңнен бастап түн ортасына дейін жалғасады, «шұғыл желі» телефоны жұмыс істейді. Ағымдағы кезеңде топта 5 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді.

Сонымен қатар, ҚХА медиаторлары мүгедектер мен зейнеткерлерге азық-түліктер жеткізуге, жалғыз басты қарияларға жүрек жылуымен және қамқорлығымен (бірінші қажеттілік тауарларын сатып алу, үйді жинау, өзі пісірген тағамдарымен бөлісу немесе көңілін аулап, әңгімелесу) көмектесетін #Біз Біргеміз# акциясына белсенді қатысады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде азаматтар өз мәселелерін онлайн форматта медиация арқылы үйден шықпай-ақ шешуге болатынына көз жеткізді.

Медиацияның әлеуетін ұтымды пайдалана білсек, біз қоғамда орын алатын дау-дамайларды оңтайлы реттеу арқылы, ішкі бірлікті бекемдеп, ел іргесінің аман болуына үлес қоса аламыз. Медиация термині бізге таңсық болғанымен, оның мазмұны біздің халқымызға ежелден таныс ұғым. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Қара қылды қақ жаратындай әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі, олар «араағайындық», «бітімгер», «мәміле» және т.б. терминдер қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен.

Бүгінгі таңда әлемдік ахуал жедел өзгерістерімен, тұрақсыздығымен және болжамдау мүмкіндігін шектеуімен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қоғамның ішкі тұтастығы мызғымас берік болғанда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа сеніммен ілгерілейміз. Елімізде медиация институтын дамыту татулық пен тұрақтылықты одан әрі нығайтуды көздейді.

Елдің өркендеуі мен дамуына қоғамдағы татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Back to the list