Елордада этномәдени орталықтардың қатысуымен кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Елордада этномәдени орталықтардың қатысуымен кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Версия для печати

Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. 


Кеңес отырысына инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту Басқармасының, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер Палатасының, «Даму» АҚ қоры өңірлік филиалының өкілдері, елордалық ҚХА кәсіпкерлері қатысты.


Шараға модераторлық еткен қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова кіріспе сөзінде отырыстың маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан кәсіпкерлерінің Ассоцациясы» ЗТБ ҚХА аясында құрылған үкіметтік емес ұйым болып табылады. Мақсаты – бизнес саласындағы инновациялық-индустриялық жоғары технологиялық жобаларды қолдау болып табылады. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай қаржы құралдарын ұсынып жатқандығы жөнінде толық ақпарат алу үшін біз әр түрлі салалардан арнайы спикерлерді шақырдық», – деді Л. Құсайынова.

Өз кезегінде елордалық ҚХА Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Фарангиз Ахметова атқарылып жатқан шаралар мен Кеңес алдында тұрған бірқатар мәселелерді ортаға салды.


«Қазіргі таңда этномәдени орталықтарда кәсіпкерлік белсенді дамып келеді. Бір ғана менің кәсіпорнымда түрлі этностардан 80 жас қызметкер жұмыс істейді. Көп жағдайда жас мамандар кәсіпкерлер үшін өткізіліп жатқан форумдар мен жиналыстар туралы ақпараттарды білмей жатады. Мысалға, жақында Әзірбайжан мен Кореяда «Атамекен» ҰКП ұйымдастыратын форум өтеді. Жастар өз презентацияларын ұсына отырып, аталған іс-шараларға қатысуына мүмкіндік бар», - деді Ф. Ахметова.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының тренер-кеңесшісі Азамат Оңайбаев кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылық емес шараларына кеңінен тоқталды. Кәсіпкерлер Палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төрт бағыты – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кәсіпкерлік қызмет негіздерінде оқыту, сервистік қолдау көрсету, «Іскерлік байланыстар» және «Аға сеньорлар» жобасы бойынша қызмет көрсетеді.


Отырыс барысында сонымен қатар «Astana Invest» ЖШС қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарушы директоры Асқар Сәбитұлы, Нұр-Сұлтан қаласының «Даму» АҚ қоры аймақтық филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі бас менеджері Жанар Ермаханбетова сөз сөйледі.

Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, қойылған сұрақтарға құзырлы мамандардан жауаптар алынды.

Back to the list