Ф.Хаджиева: Біздің отбасымызды Әбіш ата мен Әлжан ана сақтап қалған

Ф.Хаджиева: Біздің отбасымызды Әбіш ата мен Әлжан ана сақтап қалған

Версия для печати

Ф.Хаджиева, депортацияға ұшыраған балқарлардың ұрпағы:

"Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы баршамызға ортақ, қастерлі мереке. Татулық пен бірліктің, қоғамдық келісімнің салтанат құрған ширек ғасыры.

Депортация жылдарында менің атамның отбасын мейірімді қазақ отбасы паналатыпты. Олар екі бөлмелі саман үйде тұрған.

Мен – Хаджиева Фаризат, Әбіш Назарбаевтың отбасы пана беріп, мейірім сыйлаған Хызыр Хаджиевтің немересі, Әзірет Хаджиевтың шөбересімін.

Егер Әбіш ата мен Әлжан ананың аялы алақандары, қамқорлығы, ата-бабасынан дарыған кең пейілі, мол мейірі болмаса мен де бүгін осы сахна төрінде тұрмас едім. Тұла бойларында тұнған адамгершілік, қамқорлық қасиеттері үшін, Нұрсұлтан Әбішұлының отбасына айтар алғысымыз, ақ тілек, баталарымыз шексіз!

Ата-бабаларының аманатына адал, еңбекқор, өсіп – өнген, берекелі отбасынан шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының халқының қамын, бақытты болашағын ойлайтын, кемеңгер саясаткер болуы заңдылық сияқты.

Біздің отбасымызды асырау үшін Әбіш ата 6 жасар Хызырды қойшының көмекшісі етіп орналастырыпты. Менің атам Хызырдың кішкентай болғаны соншалық, оны құлап қалмас үшін аттың еріне байлап қоюға тура келген. Демалыс күндері Әбіш ата балқарлардың басын қосып, олар өздеріне кірпіштен ұй тұрғызған. Әзірет атам үшін салған екі бөлмелі үйдің төбесін промхоздан әкелінген қамыспен жапқан. Сол уақытта арнайы көшірілгендер үшін бұл барлығы бірге тұрғызған кең сарайдай болатын.

Қоныс тойына Әбіш ата бұзау сыйлапты. Бұл сыйлық біздің отбасымыздың бақыты мен берекетінің тұмарына айналыпты. Бұл тарихты біздің отбасымызда ұрпақтан ұрпаққа айтып отырады.

«Барлық мұсылман қауымының қасиетті жері Мекке мен Мәдина болса, жер аударылған адамдардың қасиетті де, құтты мекені – Қазақстан. Басымызды сәждеге игенде – Қазақстанның болашағы жарқын, жұртының аман болуын тілейміз» - дейді балқар халқының ақсақалдары. Бұл біз, жастар үшін - өмірлік қағидамыз.

Құрметті қауым, осындай тарих бір киелі шаңырақ астына біріктірген халық - ол болашағы біртұтас Еліміз!

Мен де, Қазақстанның төл перзенті ретінде, ел игілігін еселеуге өз үлесімді қосамын!"

Back to the list