Иршат Мутагаров: Отан Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады

Иршат Мутагаров: Отан Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады

Версия для печати

«Таңбасыз ел, найзасыз ер болмайды», - дейді қазақ халқы. 1992 жылғы маусымның 4-інде алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран - Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі.


Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын», - деген тілек сөз бар. Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алған. Елтаңбадағы шаңырақ - өз ұлтымызға ғана тән, сәтті таңдалған нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңба еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз - Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.

Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді

Осының бәрі - Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады.

Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады.

Еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жет­кізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қас­терлеу азаматтарымыз үшін басты мін­дет болуы тиіс.

2019 жылдан бері Қарағанды қаласының Достық үйінде «Aıbyn-Аrqa» әскери-патриоттық тәрбие клубы құрылған болатын.

Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кеңпейіл Қазақ елінің жауынгерлерінің қаһармандығы мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен қуатын ұлықтауға, Қазақстан халқының дәстүрлерін, тарихи ерліктерін сақтауға арналған көптеген шараларымызда танымдық сабақтар, апталықтар, сынып сағаттары, кездесулер, мұражайларға саяхаттар, жарыстар, байқаулар т.б жас өрендерімізді мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Біздің тілегіміз - бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғып, Тәуелсіздік туы желбірей берсін. «Менің Қазақстаным» атты ұлы Әнұран әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей берсін. Тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз бостандықтың, жарқын өмірдің символы бола бергей.

Иршат Мутагаров,

Қарағанды қаласы Достық үйінің

«Aıbyn-Аrqa» әскери-патриоттық

клубының төрағасы

Back to the list