Көкшетау: ҚХА жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды

Көкшетау: ҚХА жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды

Версия для печати

Көкшетаудағы Достық үйінде облыстық Ассамблеясының ұйымдастыруымен жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М. Тохаева жәрмеңкенің негізгі мақсаты жастар арасында жұмыссыздықты қысқарту, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету екендігін алға тартады.

Жәрмеңкеге ірі кәсіпорындардың өкілдері тартылып, 100-ге жуық жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері қатысты.


Жәрмеңке барысында келушілер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, алдын ала әңгімелесуден өтіп, сауалнамаларды (түйіндеме) толтырып, жұмыс берушілерге қалдырды.

«Машина құрылысы», «Агрономия» факультеттерінің студенттері, «Тігінші» мамандығы бойынша агоротехникалық колледждердің қыздары жұмыс орындарын тапты. Жұмыс берушілер оларға жұмысқа қабылдау шарттары мен бос жұмыс орындары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері жастардың мемлекеттік қызметке түсу ережелері туралы айтса, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының, қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жастарға кәсіпкерлік бастаманы, кәсіби бағдар мен қайта оқытуды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес берді.

Жәрмеңкеде облыстық Ассамблеяның еріктілер қозғалысы орталығы мен «Вертикаль» ЖШС арасында агроөнеркәсіптік кәсіпорын негізінде ауыл жастарын оқыту орталығын құру және еріктілерді маусымдық жұмысқа жіберу туралы меморандумға қол қойылды.


Жәрмеңке қорытындысы Көкшетау қаласының ұйымдары мен кәсіпорындарының өкілдерімен талқыланды. Жұмыс берушілер облыстық Ассамблеяға осындай іс-шараларды одан әрі өткізуді, алдағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі туралы халықты белсенді түрде хабардар етуді ұсынды.

Back to the list