Ө.Кенжебек: Қазақ ұлты «надзиратель» рөліне енбеуі керек

Ө.Кенжебек: Қазақ ұлты «надзиратель» рөліне енбеуі керек

Версия для печати

«Әлеуметтік желіде мен қазір халық жауымын. Себебі, Қордайдағы дауға байланысты түрлі ксенофобиялық үндеулер жасалған кезде, сабырға шақырып бары үш пост жазған болатынмын», - деген белсенді блогер Өркен Кенжебек, әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Қордайдағы қақтығыстан кейін екі түрлі бетпердені (көңіл-күйді) байқағанын айтады.

«Біріншісі, әлжелі қолданушылардың 70-80 проценті ксенофобиялық үндеулер жасаушылар болды. «Қазақ атқа мінсін, мінсе түспесін» дегенді спортшыдан бастап, белгілі айтыскерлер, журналистер, қарапайым адамдарға дейін салып шықты. Яғни осы «волнада» тұрған кезде біз енді өзбектерді, де, түріктерді де, басқаларды да тәубесіне келтіріп алайық, яғни медиациясы да, дипломатиясы да, басқасы да құрып кетсін, қара күшке салып, барлығына шаңырақ қайда екенін көрсетіп алайық деген үндеу болды.

Екіншісі, ең ақылды деген қолданушылардың өздері қазақтарға бөлек, ерекше статус берілуі керек деген сипаттағы ой айтты. Ол Малайзиядағы секілді позитивті дискриминация. Яғни қазақтардың қазақ болғаны үшін ғана айлығына айлық қосылсын, Қаракемердің адамдарына субсидия берілсін деген секілді артықшылық.

Меніңше, өкінішке орай, бірінші қателік - жергілікті органдардың осы мәселені жасырып келгендігінде.

Қордайға барғандардың бәрінің айтатыны бір-ақ нәрсе. Жергілікті полиция дүнген шаруалардан әр гектар пияз, өсімдік еккені үшін шамамен жүз доллардан пара алып отырған. Яғни дүнген шаруаларды «счетчикке» «қойып қойған». Бұл әңгіме баяғыдан бар. Оны әрине тексеру керек. Мұндай болса, балаңызды армияға жібермеу үшін немесе қылмысты жасыру үшін 100 000 теңгені апарып берсең, оны әрине ол полиция алады. Ал ол полицияға дүнгендердің құрметі қалмайды. Сеннен ақша алып отырған, сенің ақшаңа қарап отырған, былайша айтқанда сенің жалдамалы жұмысшың секілді ғой. Одан кейін қылмыстарды жасыру, полицияны мойындамау басталады. Мұның барлығы әділдік принциптерінің бұзылуы. Егер біз Қазақстандағы жергілікті ұлттармен бәсекеге шыдамасақ, біз қалай әлемдегі бәсекеге шыдаймыз. Ең басты қауіп - әлеуметік желілерде «Онлайн Қазақстан» деген топта 400 000, «Атамның басы» деген топта 180 000 қолданушы отыр. Барлық ксенофобиялық үндеулер сол жерде жарияланды. Егер қазақтың қызы түріктің жігітімен жүрсе, ұстап алып, байлап, үстіне бензин құйып өртеп жіберіңдер деген пост та жазылды, бірақ ешкім оны өшірмеді. Топта отырған 400 000 адам соны пікір ретінде қабылдайды. Әлеуметтік желілердегі пабликтер қадағаланбайды. Қазақстанда бірінші сортты, екінші сортты ұлт деген болмауы керек. Дүнгендерді басқа аймақтарға көшіретін болсақ, біз фасшистердің әрекетін қайталаймыз», - деген блогер ұлтаралық саясатқа байланысты түбегейлі зерттеулер жүргізуді ұсынды. «Қазақ ұлты «надзиратель» рөліне енбеуі керек. Ұлтшылдық жақсы, бірақ оның екінші, төртінші стадиясы фашизм екенін ұмытпауымыз керек», - дейді Ө.Кенжебек.

Back to the list