ҚХА #BizBirgemiz акциясы шеңберінде 66 мыңнан астам тұрғынға 83 млн теңгенің көмегін көрсетті

ҚХА #BizBirgemiz акциясы шеңберінде 66 мыңнан астам тұрғынға 83 млн теңгенің көмегін көрсетті

Версия для печати

COVID-19 вирусына байланысты төтенше жағдай кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы елдің барлық өңірінде қайырымдылық көмек көрсетіп, #бізүйдеміз #мыдома, #BizBirgemiz акцияларын ұйымдастырды.


Жұмысты өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері үйлестіріп, ҚХА-ның барлық құрылымдық бөлімдері: Қоғамдық кеңес, Аналар кеңесінің өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА меценаттары, ірі кәсіпорын жұмысшылары, «Волонтер_2020», «Бірлік» қозғалысының мүшелері, белсенді азаматтар қатысты.

Бүкіл ел бойынша көрсетілген гуманитарлық көмектің құрамы мен оларды алушылардың көп айырмашылығы жоқ деуге болады. Жиналған көмектің басым бөлігі тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, мүгедек жандарға, жалғызілікті кісілерге, ардагерлерге, індетпен күресте демалыссыз жұмыс істеп жүрген медицина, полиция қызметкерлеріне, зарарсыздану жұмысына тартылған әскерилерге таратылып берілді.

Әлеуметтік пакеттер өңір ерекшеліктеріне қарай азық-түлік себетінен, маскалар мен антисептіктерден, дәрі-дәрмектен, тұрмыстық химия заттарынан, балаларға бірінші кезекте қажетті заттардан құралды.

Келіп түскен ақпарат бойынша, бүгінгі күнге дейін республикада қайырымдылық көмек және #бізүйдеміз #мыдома, #BizBirgemiz акциялары шеңберінде жалпы есеппен 66 025 адамға 83 385 650 теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Акциялардан тыс қалған өңір жоқ. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясынан басқа да ұйымдар, жергілікті билік органдары, саяси партиялар ұйымдастырған қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысып, отандастарды қолдауға үлестерін қосуда.


Мысалы, Алматы облысының Аналар кеңестері елде маска тапшылығы айқындалған алғашқы күндері масканы қолдан тігу туралы үндеу жариялады. Бұл бастаманы өңір әйелдері қызу қолдады. Нәтижесінде, алғашқы онкүндікте 10 417 маска тігіліп, тұрғындарға тегін үлестірілді.

Ақтөбе облысында 600 адамға 200-ден астам әлеуметтік пакет пен 400-ден астам маска таратылды.

Ақмола облысында 2 000 адам 3,2 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмекке ие болды. Бұған немістердің «Видергебурт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері үлкен үлес қосты.

Атырау облысында 377 адам 1,4 млн теңгеге көлемінде көмек алды.

Батыс Қазақстан облысында 15 000 адам 1,7 млн теңгенің көмегіне қол жеткізді.

Жамбыл облысында 3667 адамға 1,5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілуіне өңірде тіркелген 18 этномәдени бірлестік өкілдері ұйымшылдықпен ат салысты.

Қостанай облысында корей, поляк, армян, қырғыз, шешен-ингуш, әзербайжан және «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестіктері, облыстық еріктілер қозғалысы орталығы жұмыла атсалысуының арқасында 233 адамға 20,2 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді.

Қызылорда облысында «Қоғамдық келісім» КММ рухани бағыттағы жұмыстарға басымдық берді. #BizBirgemiz хэштегімен ұлы ақын-жазушылар шығармашылығынан үзінділер оқу бойынша акция өткізілді. Әлеуметтік желіде ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шара өтіп, тұрмысы төмен отбасыларын қолдау көрсетілді.

Маңғыстау облысында Аналар кеңесінің мүшелері өздері маска тігіп, 6656 әскери бөлімінің сарбаздарына таратып берді. Оның сыртында 440 адамға 2 млн теңгеге көмек көрсетілді.

Павлодар облысында аптасына екі, үш рет 4 мыңнан астам адамға ыстық тамақ жеткізіліп берілуде.

Түркістан облысында өңірде тіркелген этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 2510 адамға 32,5 млн теңге гуманитарлық көмек жасалды.

Шығыс Қазақстан облысында гуманитарлық көмек жасауға бүкіл аудандық «Қоғамдық келісім» КММ-дары жұмыла кірісті. Олардың белсене қатысуының арқасында шалғай ауылдардағы тұрғындар неғұрлым кеңірек қамтылды. Нәтижесінде 7 037 адам 8 млн теңгенің көмегін алды.

Алматы қаласында акцияға ҚХА құрылымдарынан басқа кәсіпорындар мен жеке азаматтар да ықыласпен атсалысты. Қайырымдылық акциясына «Металл Пром Групп» ЖШС қатысуы 5160 адамға 1,6 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жасауға мүмкіндік берді.

Шымкент қаласында 11 370 адамға 3,3 млн теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Оның сыртында 190 кг палау пісіріліп, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ оны тұрмысы төмен отбасыларына, басқа да мұқтаж жандарға таратып беруді ұйымдастырды.

Елордада қайырымдылық көмектің ұйымдастырылуына ҚХА-ның «Парасат» Қайырымдылық қызметті үйлестіру орталығы, еріктілер және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген барлық этномәдени бірлестіктер белсене қатысты. Алғашқы онкүндік нәтижесінде 1190 адамға 5 млн-ға жуық теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді.

Back to the list