Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналады: Соғыс табыстырған қос батыр

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналады: Соғыс табыстырған қос батыр

Версия для печати

Біздің үйде екі бірдей соғыстың бейнесі бар. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай менің отбасымнан шыққан бір емес, қос батыр туралы сөз қозғағым келеді. Ұлы Отан соғысы менің отбасым үшін қатталып жазылған тарихи оқиғаларға толы.


Себебі, менің атам Жетпісбай Беккулиев пен әжем Минруй Беккулиева соғыс даласында танысып, кейін елге оралып, шаңырақ көтереді. Соғыс - қасіретті ауыр жылдар ғана емес, ол - жүректері махаббатқа толы қаншама жастың жастық шағы. Сұрапыл соғыста көптеген адам жа­қындарын жоғалтса, ал олар бір-бірін тапты. Оларды соғыс табыстырды, - деп бастады әңгімесін біздің кейіпкер - Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, соғыс ардагерлерінің немересі Бекқұлиева Әйгерім Сейітбекқызы.


Жетпісбай Беккулиев 1914 жылы Қызылорда облысындағы қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. 1941 жылы өз еркімен бейбіт өмірден қол үзіп, соғысқа аттанады. 1941-45 жылдар аралығында атқыштар полкінің жауынгері болып, неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысады. 1945 жылы елге аман оралып, өмірінің соңына дейін темір жол саласында жұмыс жасайды.


Отансүйгіштіктің биік үлгісін көрсетіп, соғысқа қатысқан әйел заты аз болмаған. Солардың бірі, мен үшін бірегейі – әжем, татар қызы Беккулиева Минруй Хуснудинқызы. Ол 1923 жылы Ресей Федерациясындағы Қазан қаласында дүниеге келген. 1941 жылы, не бары 18 жасында соғысқа араласады. Госпитальда жұмыс жасап, орта медициналық персонал құрамында болған. Өмір мен өлімнің соғысында әр жауынгердің өміріне араша болған. Атам мен әжем соғыстағы ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған.


Майданда махаббатқа орын болды ма? Әрине, болды! Өздерін емдеп жаз­ған медбикелерге ғашық болған солдаттар жайлы кітаптар да, аңыздар да аз емес, кинолардан көріп те жүрміз. Сондай тағдыр­ды басынан өткергендер - қазіргі таңда біздің үйдің фотоальбомының басты кейіпкерлері.

1945 жылы қан майданда оң қолынан жарақат алған менің атам госпитальға түседі. Атам мен әжемнің таныстықтары осы жерде басталады. Соғыс аяқталған соң, қазақ жігіті мен татар қызының арасындағы қимастық сезім үлкен махаббатқа ұласады.


Қазақ жеріне Жеңіс туымен бірге оралып, отау құрады. Әжеміз 7 құрсақ көтерген. Бүгінде олардың әулетінің өзі бір қауым ел. Міне, мен осындай батырлардың ұрпағымын! Мен атам мен әжемнің ерлігін әрқашан мақтанышпен еске аламын. Ерлікке мың тағзым!

Back to the list