Ислам дінін қабылдаған Инга келін: Берекенің бастауы – сыйластықта

Ислам дінін қабылдаған Инга келін: Берекенің бастауы – сыйластықта

Версия для печати

Қиындық атаулыны жеңетін бір күш бар, ол – бірлік. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келеді. Өзі түгілі өзгені өгейсітпейтін қазақ еліндегі көпұлтты отбасылар да – ұлтаралық татулықтың дәнекері. Адал еңбек, ынтымақ пен бірліктің айнымайтын асуы, жеңбейтін қиындығы жоқ. Осы құндылықтар өмірдің өзегіне айналғанда ғана еліміздің өркендеуіндегі белестер биіктей бермек.

Ал отбасы шағын мемлекет десек, осындай мамыражай түсіністік қажеттегі - басы ашық әңгіме. Отбасындағы шаңырақты шалқытып, өмірлерін ізгілікпен өріп, ұлтына қарамастан, сыйластықтың жібін жалғағандар қаншама десеңізші. Солардың бірі - Қарағанды облысы Құлайғыр елді мекеніндегі Абдрахмановтар отбасы.


Жанұяның тірегі Сағынтай ата мен Рымбала апа алты бала тәрбиелеп өсіріп, болашаққа қанат қақтырған ұлағатты отбасы. Бүгінде бұл әулеттің ұл-қыздары өз ортасына сыйлы, өсіп-өнген жандар. Сағынтай ата мен Рымбала апа балдай тәтті немерелері мен шөбелерінің қызығына тоймай өмір сүріп келеді. Ал осы әулеттің келіні - Инга орыс ұлтының өкілі болса да, қазаққа етене сіңіп кеткен. 18 жасында келін болып түскен жас қызды болашақ ата-енесі табалдырық аттаған сәттен бастап өз қызындай қабылдаған.

- Мен де, жолдасым да бір ауылда туып өстік. Өзім мектеп бітірген соң байланысшы мамандығы бойынша техникумда білім алдым. Одан кейін Приозерскіде жұмыс істедім. Тұрмысқа шықтым. Әрине, 18 толған бойжеткен не білуші еді? Келін болып түскен сәттен ата-енем мені туған қыздарындай қарсы алды. Жандары жайсаң, өте жақсы адамдар. Мен туған анамдай болған енемнен көп нәрсе үйрендім. «Білетінім – біреу, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, ата-анамдай болған асыл адамдарға әрдайым басымды иемін, - деп ағынан жарылды.


Сағынтай ата мен Рымбала апаның ұлы Серік пен келіні Инганың отасқандарына биыл 28 жыл толған. Күні бүгінге дейін ата-енесімен тату-тәтті тұрып келе жатқан Инга келін мұсылман дінін қабылдаған:

- Ислам дінін қабылдап, жұбайым Серікпен некемізді қиып, маған имам Гүлден деген есім берді. Ресми түрде де, мен қазіргі таңда жұбайымның тегіндемін. Бұл туралы құжатым да бар. Ал ата-енем алтын адамдар. Атам – ауыл имамы. Менің ислам дінін қабылдауыма сол кісінің септігі тиді. Атамнан ауыл адамдары, жұртшылық ақыл-кеңес сұрап жатады. Алдына келген адамның ешқашанда қолын қақпайды, бос қайтармайды, сағын сындырмайды. Ол – адамның жанын терең түсінеді әрі қашан да сабырлы, өте білімді, жан-жақты адам. Ата-енем өте мәдениетті кісілер. Әрдайым мені мақтап, өнеге қылып отырады. Әр адамның саған деген жылы сөзі, инабатты қарым-қатынасы алға жетелейді екен. Мені қыздарынан артық көрмесе, кем көрген емес, - дейді Инга келін.

Бұл отбасыдағы барлық немерелер қазақы тәлім-тәрбие алуда. Себебі түп-тамыры қазақылықтан ажыраған емес. Инганың ата-анасы біраз жыл бұрын көршілес елге қоныс аударған.

Алайда, Қазақстан - Отаным, ал ауылым – жүрегімнің бір бөлшегі, отбасым – темірқазығым деген келіншектің бүгінде өзі де ене атанып, ұлы Жандос пен қызы Айкерімнен немере сүйіп отырған жайы бар. Құлайғыр ауылдық әкімдігінде табан аудармай қызмет еткеніне 18 жыл толған екен. Қазіргі кезде отбасының шағын шаруа қожалығы бар. Шаруаларын дөңгелетіп отырған еңбекқор жанұяны ауылдастары да ерекше құрмет тұтады.


Ал Инга келін туралы ата-енесі мен ауылдастары өте жақсы пікірде. Қашан да жаны жайдары жүретін жайсаң жан туралы тек жақсылықтар ғана естисің, аузын ашса, жүрегі көрінетін алтын қыздың армандары орындала берсін деген тілекті іштей тіледім.

Жалпы, тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір жандардың өмірлері ізгілікпен нұрлана түскен. «Тірліктің күші - бірлікте, бірліксіз істе береке жоқ». Қазақтың осы бір даналық сөзін жүректеріне мықтап түйген отбасының бақыты мен бағын адал еңбекпен өрген шаттықтарына куә болып, марқайдым.


Гүлнұр Әбеуова,

Қарағанды облысы Абай аудандық

«Абай» газетінің бас редакторы,

Қарағанды ҚХА Журналистер клубының мүшесі

Back to the list