Медиация күні: Аймақтарда «Ашық есік күндері», дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, Меморандумдарға қол қойылды

Медиация күні: Аймақтарда «Ашық есік күндері», дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, Меморандумдарға қол қойылды

Версия для печати

Медиация ұғымы қазаққа әуелден жат емес. Ата-бабаларымыз ежелден-ақ, ел арасындағы дау-дамайды мәмілемен, өзара ымырашылдықпен шешкен. Ол заманда медиатор міндетін ақылман ақсақалдар мен данагөй қариялар атқарып, ел ішінің тұтастығы мен беріктігін сақтаған. Билер тәжірибесінен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан медиация бүгінде заңдастырылып, дауларды сотқа дейінгі сатыда, тіпті сотқа жүгінбестен қарауды көздейді.

Орал қаласындағы Достық  үйінде  Батыс  Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының  бастамасымен Медиация күніне арналған шара ұйымдастырылды.    

 

Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетовтің мәлімдеуінше, облыс аумағында жүзден астам медиация кеңсесі мен бұрыштары бар. Оларда 44 кәсіби және 198 қоғамдық медиаторлар жұмыс істейді. Медиативтік келісім жолымен сот органдары арқылы 2695 іс қаралып,  сотқа дейін 800-ден астам іс оң шешімін  тапқан.

Қазіргі таңда БҚО қоғамдық медиаторлар картотекасы жасақталып, барлық аудандарда медиатор кеңселері ашылуда. Соның ішінде Теректі және Қазталов аудандарындағы медиаторлар кеңсесі базалық болып саналады. Дөңгелек үстелге қатысушылар даулы мәселелерді шешудегі, бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы медиацияның маңызы мен болашағы жайында ойларымен  бөлісті. 

Ал Қарағандының Достық үйінде Ашық есік күні өтті және тұрғындарға, бұл күні кәсіби медиаторлардан тегін кеңес алуға мүмкіндік жасалды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Заңына сәйкес, ҚХА-ның негізгі бағыттарының бірі – медиация. Демек, жалпыұлттық келісімдегі медиацияның рөлі өте зор.

Әлеуметтік желілерден кеңес алуға болатынын біліп келген Құралай Кумасбаеваның ағасы екеуіне ата-анасынан мұра ретінде пәтер қалған. Алайда, қартайған ата-ананың жанында көбірек болып, бағып-қақтым деген наразылығымен пәтерді бөлісе алмайтынын айтып, туысқан аға сотқа жүгінеді. Кәсіби медиаторлар қарағандылық тұрғынға бұл жағдайда қалай дұрыс қадам жасау керек, неден бастау керек екенін, қайтсе бейбіт жолмен бітімгершілікке келуге болатынын түсіндірді. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалар  бекітіліп, өзгерістер енгізілуде.


Заңгер мен адвокат жалдауды әркімнің қалтасы көтере бермейтін жағдайда кәсіби медиатордан тегін кеңес алу өте ыңғайлы әрі маңызды. Әртүрлі сұрақтарға тиісті кеңес берілген шара дөңгелек үстелге жалғасты. Мұнда облыстық сот, прокуратура, этномәдени бірлестіктер мен облыстық Ассамблея құрылымдарының өкілдері, жалпы алғанда 40 адам қатысты.

Сондай ақ, келелі кездесуде халық арасында заң жағынан сауаттылық деңгейін көтеріп, сотқа дейін дау-дамайды бітімгершілікпен шешу мемлекет дамуының бірден-бір жолы екені айтылды. Мысалы, осы бір жыл ішінде Қарағанды бойынша медиаторлардың көмегімен 1000-нан аса дау шешілген.

Облыстық соттың  медиаторы Тотай  Ерімбетовтың айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындарға, жалпы қоғамға ауқымды бағдаралама ұсынылды. «Азаматтар медиация арқылы даулы мәселені шешуге болатынын  түсініп келеді және нәтижесін беруде. Демек, медиацияның болашағы зор. Ел татулығын  биік қойған кешегі бабаларымыздың сара жолы бұл. Біз, медиаторлар, өз көмегімізді әрқашан көрсетуге дайынбыз», – дейді.

Бір айта кететіні, осы күні аймақ бойынша бір жарым мың азамат тегін кеңес алған. Мұндай шаралар Сәтбаев, Жезқазған және Балқаш қалаларында да өтті.

Қызылордада облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Бітім» медиация орталығымен бірлесіп «Ашық есік күнін» өткізді.

Акцияны алғы сөзімен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ляйлә Төрешова ашты. Шарада облыстық соттың және қала әкімдігі аппаратының жауапты қызметкерлері пікірлерін ортаға салды.


Кәсіби және қоғамдық медиаторлар отбасы-неке дауы, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер, меншіктік, жер, жылжымайтын мүлікке қатысты дау және өзге де мәселелер бойынша кеңестер берді.

Кез-келген азамат дауды шешу бойынша кеңес алу үшін Достық үйіне келіп, медиаторларға қажетті сұрағын қойып, жауабын алу мүмкіндігіне ие болды.

Аталмыш акция облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында және аудан орталықтарында да өтті.


Өскеменде бірыңғай республикалық Медиация күні кәсіби, қоғамдық медиаторлардың, департаменттердің, соттардың және прокуратураның қатысуымен дөңгелек үстел түрінде атап өтілді. Достық үйі директорының орынбасары Равиль Юнусов медиация - қазақстандық қоғамның болашағы екенін, қоғамдық сананы жаңғырту процесіне әсер ететінін атап өтті.

Ұлан ауданының Қоғамдық медиаторы Людмила Михеева өз сөзінде:

«2019 жылдың ақпанынан бастап ШҚО Ұлан ауданында медиация орталығы жұмыс істейді. Қолдау білдірген аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз. Орталық құрылғаннан кейін мектеп медиаторлары жұмыс істей бастады», - деп атап өтті.


Дөңгелек үстелде ерекше көзге түскен медиаторлар алғыс хаттармен марапатталды. Одан кейін ҚХА Достық үйінде күні бойы дәстүрлі жыл сайынғы «Медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» өтті. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институтын дамытуға бағытталған іс-шарада медиаторлар барлық азаматтарға ақысыз негізде кеңес берді.

5 тамызда бірыңғай республикалық Медиация күні Петропавлда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинетінің Ашық есік күні форматында ұйымдастырылды.

Достық үйінің алдындағы алаңда таңертеңнен бастап кәсіби медиаторлар қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.


Қала тұрғындары қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу бағытында өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Дөңгелек үстел аясында медиацияға қатысты мәселелер талқыға салынды. Медиатор Мұратбек Зейнуллин әрбір мекемеде медиация кабинеттерін ашу қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, медиация институтын дамытып, облыстың білім беру мекемелерінде медиация кабинеттерін ашу үшін бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.

Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы мен СҚО соты, полиция департаменті, прокуратура, кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі және «СҚО Медиация және Құқық Орталығы» арасында меморандумдарға қол қойылды. Ең белсенді медиаторлар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара медиативтік тақырып бойынша тренингпен аяқталды.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы «Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» акциясы аясында кәсіби және қоғамдық медиаторлар 20-дан астам қала тұрғындарына тегін кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Осы күні қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Медиация – қоғамдық келісімнің озық үлгісі» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.

Мәжілісті Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов кіріспе сөзбен ашты.


Жанжалдардың алдын алу және оларды шешу, халықтың құқықтық мәдениетін нығайту үшін медиаторлар желісін дамыту аясында қалалық ассамблея өңірдегі бірқатар құрылымдармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Қалалық ассамблеяның бастамасымен «Мектеп медиациясы» жобасы қолға алынып, 157 педагог-психолог маман медиация курсынан өтті. 51 қоғамдық медиатордың біліктілігін арттыру бағытында 5 оқу семинары ұйымдастырылды. Медиация кабинетінің және қаладағы медиаторлардың ықпалымен 150 дауға нүкте қойылып, тараптар арасында ортақ келісім жасалды. 


Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары алдағы уақытта «Жас медиаторлар клубын» құру, әлеуметтік салаға жататын бюджеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарында медиация кабинеттерін ашу, отандық бизнес құрылымдардың құқығын қорғау бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Бизнес-медиатор» жобасын іске асыру қажеттігін алға тартты.

Ақтөбеде ҚХА ғимаратында ҚР Біріңғай Медиация күні шеңберінде «Ашық есік» күні өтті.

Оған қатысушылар қоғамдағы болып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен оларды бейбіт жолмен шешу, дауласушы екі тарапты тиімді әрі қолайлы келісімге келтіру мен медиация рәсімдерін қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы мәселелерді шешуге бағыттау мәселелерін жан-жақты талқылады.


Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Б. Снабаева ҚХА медиация институтының, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы медиация кабинетінің де белсенді жұмысына тоқталды. Кәсіби медиатор С. Балпейсова өз кезегінде медиацияның қоғамға тигізер пайдасы мен атқарар қызметіне тоқталса, медиатор Г. Иманбаева заң саласында медиацияның қолданылуына байланысты мысалдар келтіріп, тәжірибеде кездескен даулармен бөлісті.


«Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы, медиатор Е.Азиев бүгінде Ақтөбе облысы бойынша 22 медиатор жұмыс жасап, жыл басынан бері өзара ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойылғаны туралы хабардар етті.

Іс-шара соңында кәсіби медиаторлар қала тұрғындарын қабылдап, көптеген даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесті.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе қаласындағы мектептерде 6, қалалық №4 емханада  1 медиация кабинеттері ашылып, жұмыс жасауда.

Маңғыстау облыстық «Достық» үйінде өткен «Ашық есік» күні аясында кәсіби медиаторлардан аймақ бойынша келген елуден аса азамат тегін кеңес алуға мүмкіндік алды.

Соның бірі – Шара апай пәтер аламын деп алаяққа алданып қалған. Кәсіби медиаторлар тұрғынға қандай қадам жасау қажет екенін, қандай жағдайда бітімгершілікке келуге болатынын түсіндірді. Осылайша көкейтесті сұрақтарына тұшымды жауап ала алған халық ризашылығын білдірді.


Мұндай шаралар Жанаөзен қаласы, Мұнайлы және Бейнеу аудандарында жалғасын тапты.

Жиын барысында Маңғыстау облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Қарабаев ҚХА медиация кабинетінің меңгерушісі, кәсіби медиатор Сания Саталиеваны кәсіби мерекесімен  құттықтап, Алғыс хат табыстады.


Алматыда да медиаторлар барлық ниет білдірген азаматтарға құқықтық кеңес берді. Алматы қаласы Әуезов аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында Республикалық бірыңғай медиация күніне орай «Республикалық ашық есік күні» өтті.

«Қазірге күні жергілікті атқару орындарында 20 кәсіби емес медиатор тіркелген, оның он үші – Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметкерлері. 2015 жылдың 23 желтоқсанынан бері қаладағы «Достық үйінде» медиатция кабинеті жұмыс істеп келеді» - деді Алматы қалалық ҚХА-ның Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов. 


Акция аясында Ассамблея медиаторлары барлық ниет білдірген азаматтарға кеңес беріп, мәселесінің мән жайын шешіп беруге тырысты.

Қостанай облыстық Медиация кеңесі облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес медиация арқылы шешілген істердің саны 6,8% - дан 14,1% - ға дейін артқан.


Қостанай облыстық сотының судьясы, бітімгершілік рәсімдерді жүзеге асыратын қызметкер Ағайша Нұрлымбаева бұл көрсеткішке жергілікті атқарушы органдардың және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жаппай түсіндіру жұмысының арқасында қол жеткізілгендігін атап өтті.

Қазіргі таңда біз үш жобаны іске асырудамыз. Біріншісі - «Отбасылық сот». Бүгінде ерлі-зайыптылар мемлекет тарапынан ұсынылатын жәрдемақыға ие болу үшін ажырасып жатыр. Біздің мақсатымыз – олардың ажырасуына себеп болған басты жағдайды анықтау, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу. Екінші жоба жұмыс берушілер мен қызметкерлердің, ұжымдардың арасындағы еңбек дауларын шешуге бағытталған. Мұндай жайт туындаған жағдайда медиацияға жүгінеміз. Үшінші жоба – ювеналды соттың жанындағы «Ресурстық қолдау орталығы». Қостанай, Лисаковск, Арқалық, Рудный қалаларындағы сот ұйымдарының жанынан құрылған орталықтардың жұмысы көңіл қуантады», - дейді маман.


«Денсаулық сақтау саласындағы медиацияны дамыту аса маңызды іс. Нәресте шетінеп кеткен жағдайда ата-аналар дәрігерлерге айып тағады, әрине олардың да жан күйзелісін түсінуге болады. Мұндай жағдайда медиатордың қызметін өзім атқардым. Дәрігер мен емделушілерді бітімгершілікке шақыру оңай емес. 25 жылдық тәжірибемде басымнан кешкен жайттар аз емес. Ал денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары өз мамандарына медиация негіздерін меңгертуі тиіс. Бұл меморандум денсаулық сақтау саласындағы медиацияны дамытудың  бастау көзі болады деген ойдамын», - дейді денсаулық сақтау саласының еңбек сіңірген қызметкері Көпей Малшыбаева.


Білім беру саласындағы медиация қарқынды дамуда, бұл жұмыс жанданбақ.

«Меморандум жасасу арқылы біз балалармен әрекеттестік орната алатын заңгердің көмегіне жүгіне аламыз.  Балалардың отбасымен қарым-қатынас орнатамыз.  Облыста 15 мыңнан астам ұстаз бар, біз ұстаздар мен ата-аналардың қарым-қатынасын реттейміз. Білім беру институттары мен отбасының арасындағы байланысқа үнемі көңіл бөлінуі тиіс. Біздің жұмысымызда медиацияның маңызы зор. Қамқоршылық органдарының өкілдері медиаторлардың көмегіне зәру. Баланың жеке тұлғасына, ар-намысына тимейтіндей жұмыстар жүргізу қажет. Бұл ретте кәсіби медиаторға жүгінген жөн. Өкінішке орай, балалар мен ата-аналардың, ата-аналар мен ұстаздардың арасында келіспеушіліктер жиі орын алып тұрады. Мұндай жағдайда медиаторлардың қызметіне жүгінуге тура келеді. Барлық білім беру бөлімдерінде медиаторлар қызмет атқаруда. Қостанай қаласындағы №1 орта-мектеп, Горький, С. Мәуленов атындағы гимназиялар сынды ірі білім беру мекемелерінде (1000-1500 оқушы білім алатын) медиация кабинеттері жұмыс істейді. Қазіргі таңда балалар мен ата-аналарға білікті мамандар көмек көрсетуде», - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.

Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылғаннан кейін іс-шара аясында студенттер  үшін тренингтер ұйымдастырылды, кәсіби медиаторлар тегін кеңес берді.


Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында медиация кабинетінің ашық есік күні өтті.

Күні бойы кез келген азамат түрлі қызмет саласына жататын дауларды (жанжалдарды) реттеу бойынша тегін ақыл-кеңес алып, медиация арқылы даулы мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болды.

Осындай іс-шаралар облыстың барлық аудандары мен қалаларында да өтті.

Сондай-ақ әр түрлі сипаттағы дау-дамайды сотқа дейін шешу тәсілі ретінде медиацияны көпшілікке танымал ету мақсатында халық арасында сауалнама жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша қазіргі уақытта медиаторлар қызметіне көп адам жүгініп жүр деген ұйғарым шығаруға болады.


Тараздағы Достық үйінде Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен облыс медиаторларының конференциясы өтті.

Оның барысында медиация институтын дамыту бойынша өзекті мәселелер мен жұмыс әдістерін, ҚХА медиация құрылымдарының мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылының негізгі тетіктері талқылау мәселелері қаралды.  

Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы -     Шәбден Тілеумұрат Тоқтасынұлы  бүгінгі күнге дейінгі медиация мен облыстық Қоғамдық келісімнің кеңесінің бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесіне тоқталлы, «Бүгінгі таңда облыста 177 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді, оның ішінде 1 облыста, 4 қалада, 154 ауылдық округтерде және 9 ірі кәсіпорындарда. Қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің жалпы саны – 1108. ҚХА медиаторларымен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесе отырып, аудан кеңестерінің, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша да бірқатар мәселелер шешілді» деп атап өтті спикер.


Жамбыл облысындағы ҚХА медиация кабинетінің қызметі бойынша есеп беру баяндамасында В. Досыбиева конференцияға қатысушыларды кабинеттің атқарылған жұмыстарымен таныстырды.

Кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер туралы статистикасы бойынша 2019 жылдың жарты жылдығында облыс соттарымен 71 қылмыстық іс медиация тәртібімен тоқтатылғаны, ал сотқа дейінгі тергеу барысында медиаторлардың қатысуымен тараптардың татуласуына байланысты 139 қылмыстық іс қысқартылғаны туралы мәліметтер келтірілді.  

Жамбыл облыстық сотының судьясы Д. Әзіретқұлов медиация тәртібімен рұқсат етілген «азаматтық істер» санының өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 6,7% - ға көбейгенін мәлімдеді.

Іс-шара соңында бағдарламада көрсетілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты және сындарлы диалог өтті, тиісті қарар әзірленді және осы бағытта ұсыныстар енгізілді.

Медиация күніне орай «Бірыңғай республикалық медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» акциясы аясында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға келген 10 тұрғын ажырасу, ортақ мүлікті бөлісу, алимент, бала, ене мен келін арасындағы кикілжің мәселелері бойынша сөз қозғады.

Аталған мәселелер бойынша келген тұрғындарға медиаторлар тиісті кеңестер берді.

Сонымен қатар бұл шараға барлық аудандар да атсалысып, осы бағыт бойынша бірқатар жұмыстар жүргізді.


Іс-шаралар барысында ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы мүшелері медиацияны дамыту мәселелері бойынша қала, аудан тұрғындары арасында сауалнама жүргізді.

Back to the list