«Мемлекеттік тілді меңгеру бірлігімізді нығайтады»

«Мемлекеттік тілді меңгеру бірлігімізді нығайтады»

Версия для печати

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатын талқылауға арналған онлайн конференциясында спортшы, қоғам қайраткері Анатолий Ким пікір білдірді:

­­­– Бүгінгі іс-шараға қатысуға шақырғандарыңызға үлкен рахмет айтамын. Біріншіден, мемлекеттік тілді меңгеру сол елде өмір сүріп жатқан халықтарды біріктірудің негізгі құралы болып табылады. Бүгінгі таңда біздің қоғам тіл принциптеріне байланысты екі жақты, орыс тілінде және қазақ тілінде сөйлейтіндерге қатысты пікірге бөлінеді. Менің ойымша, қазақ тілін үйрену ең алдымен біздің мемлекетімізде өмір сүріп жатқан халықтар бір бағытта ойлауы үшін қажет деп білемін. Менің қазақ тілін үйренуіме себеп болған тағы бір мәселе біз ақпаратты бір жерден алуымыз керек. Және де мен қазақ тілді аудиторияға өз ойымды, пікірімді жеткізгім келеді. Біз тек тіл мәселесін ғана емес, біздің қоғамға қатысты үлкен маңызға ие әлеуметтік мәселелерді де талқылауымыз керек. Ол үшін біздің мемлекет тілді үйрену мәселесіне көбірек көңіл бөлсе екен деймін. Менің көп уақыттан бері тілді үйренбеуіме себеп болғаны – менің жеке басыма қатысты сан түрлі пікірлердің орын алуы болып табылады. Мен соған қарамастан өз мемлекетім үшін барлығын жасап келемін. Мен­ – өз елімнің патриотымын. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Еліңе, мемлекетіңе көмек көрсету тек тіл мәселесімен шектелмейді. Бірақ біз қазақ тілін осы мемлекетті жақсы көргендіктен, осы мемлекетті өзгерту үшін, онда өмір сүріп жатқан халықтарды біріктіру үшін үйренуіміз керек. Бұл ең басты жол деп санаймын. Мен қазіргі таңда Владислав Теннің тіл үйрету мектебінде қазақ тілін үйреніп жүрмін. Бұл мектепте Владислав Тен қазақ тілін қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен байланыстыра отырып, тілді үйрену не үшін қажет екендігін нақтылап түсіндіреді. Орыс тілінде ойлап, орысша сөйлейтіндерге орыс тілінен қазақ тіліне аудару өте қиын. Ал қазақ тілінде сөйлемдерді құрылымы жағынан құрастыру мен байланыстыру орыс тіліне қарағанда басқаша.

Менің осы тіл үйрету мектебінде тілге деген қызығушылығым оянды. Ең бастысы адамдарда қандай істі бастамас бұрын, соған деген қызығушылық болуы керек. Осыны тіл үйренетін адамдар түсінуі керек. Мен сол қызығушылықты таптым. Мен қазақ тілін үйреніп, қазақ тілінде қарым-қатынас жасағым келеді, сөйлескім келеді және де Қазақстандағы халықпен бір толқында болғым келеді. Осы орайда, қазақ тілін үйреніп жүргендерге сәттілік тілегім келеді. Сізге басқалар қалай қарайды, не ойлайды деген пікірлерге мән бермей өз жүрегіңіз қалаған іспен айналысыңыз. Ал қазақ тілді азаматтар осы тілді үйреніп жатқан түрлі ұлт пен ұлыстарға қолдау көрсетсе екен деймін. Тек сол қолдау арқылы біз бірлігі мен ынтымағы нығайған халыққа айналамыз.


Back to the list