Нұр-Сұлтанда «Азия шыңдары» суретшілер көрмесі өтті

Нұр-Сұлтанда «Азия шыңдары» суретшілер көрмесі өтті

Версия для печати

Елорданың Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясының (Лондон) «Азия шыңдары» халықаралық сурет көрмесі өтті.


«Азия шыңдары» жобасының авторлары – Назира Женішбекова-Барриионуэва (Париж), Guli Bost (Лондон) және Бибігүл Смақова (Алматы). Олар Еуразиялық Шығармашылық Гильдия мүшелерінің жұмысын көпшілікке таныстырып, жас таланттарды қолдауды мақсат еткен.


Суретші, кескіндемеші, қауымдастық мүшесі (Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясы), халықаралық, республикалық, қалалық пленэрлердің қатысушысы, бейнелеу өнерін оқытушы Бибігүл Смақова аталмыш көрме суретшілердің Ыстық көлдің (Қырғыз) оңтүстік жағалауына барған сапарларының нәтижесінде пайда болған шығармашылықтарының есебі екенін атап өтті.


«Авторлардың бірі ретінде көрмені Қазақстанда да өткізуді ұйғардық. Үш нәзік жандылар бауырлас халықты, Қазақстандық суретшілерді біріктіріп, пленэр ұйымдастырдық.

Шың – жобаның негізгі таныстырылымы. Бұл тұрғыда біз суретшінің болмысын биіктетуді көздедік. Шілде айының 1-і мен 6-сы аралығында Ыстық көлдің оңтүстік жағалауларына барған едік, шабыттанып жұмысқа кірістік. Міне, бір айдан соң нәтижесі көрмеге шығарылып отыр.

Пленэрден оралған соң Қырғыз елінің оңтүстік табиғатының бар сұлулығын картинамызда бейнеледік. Мұнда кескіндеме, графика, киіз жұмысы ұсынылып отыр», – деді Б. Смақова. 

Маруа Байтұрсынова, Әсия Бекишева, Гүлнәр Табанова, Аделя Сералиева, Нұрым Киназбеков, Бибігүл Смақова, Гүлсейім Тоқбаева, Әлфия Мұхамедьянова өз жұмыстарында бізді қоршаған табиғатпен жақындықты, сұлулықты, үйреншікті құбылыстардың жарқын көңіл-күйін дәл жеткізген. Сонымен қатар көрме жұмыстарының арасында портреттер де қойылды.


Көрмеге келушілер Іле Алатауының сұлулығын, «Манас тостағаны», «Аққайнардың шашырауы» және «Барыстың көз жасы» сарқырамаларын, Барскоон тау шатқалдарын, Жеті өгіз, Мыңжылы Ата сынды қасиетті мекендер мен табиғи орындарды суретшілердің көзімен көруге мүмкіндік алды.


«Біздің арамызда Маруа Байтұрсынова деген суретші 60 жасында алғаш рет қолына қылқалам алған адам. Ол әуелі интернет арқылы картинаны лентамен кестелеуді үйренді. Бүгінгі көрмеде «Дала әуені» жұмыстары қойылды. Онда анасы – Қымбат апаның бейнесі бейнеленген жұмыстар бар. Қымбат апа он үш бала мен жүзден астам немере сүйген жан. 

Маруа анасының бейнесін картинаға түсірерде бірнеше техниканы пайдаланған: киіз, лента және кескіндеме. Айтпақшы, анасы сау-сәлеметте. Сонымен қатар Маруа өзінің жеке көрмесіне дайындалып жатыр», – деді көрме авторы. 

Экспозицияға қойылған жұмыс авторларының ең жасы – Айбике Кубанычбекова 9 жаста ғана.


Б. Смақованың айтуынша, өткен жылы олар бірінші рет пленэрге барған сапарында 8 жасар кішкентай қыз баланың сурет салу өнерінің ғажаптығын байқаған.


«Біз сол жерге келгенде, ол өзінің жұмыстарын таныстырды, оның барлығын сол аралықта салған екен. Айбике бізбен бірге жүргісі келетінін айтқан соң, қатарымызға қостық. Біз этюдниктермен тауларды араладық, ол да бізбен толық қатысты, тауға да, шатқалға да шықты, барлық жерде бізбен бірге акварельмен сурет салды. Бала өзінің арманына қол жеткізіп, жұмыс істеді, біздің қауымдастыққа қосылды», – деді суретші.


Жоба авторының айтуынша, топта Қостанайдан Гүлсейім Тоқбаева, өскемендік мықты акварелист Альфия Мухамедьянова, елорда суретшісі Әсия Бекишева бар. Сонымен қатар топ қатарын жас дарындар толықтыруда. Жастар жылы мен Абайдың 175 жылдығы аясында олар ел мен жерді аралап, көрмелерін таныстыруды жоспарлап отыр.


«Суретші білімі бола тұра, әртүрлі жағдайларға байланысты шығармашылықта жиырма бес-отыз жыл үзіліс болды. Бірақ бірігіп, осы топты құруды шештік. Ойымыз өте тамаша жүзеге асырылып жатқан сияқты», – деп, суретшілердің ерекшелігін атап өтті Б. Смақова. 

Айта кетер жайт, «Азия шыңдары» көрмесі ағымдағы жылдың 12-13 қазанында Париж қаласындағы Қазақстанның Елшілігінде көрсетілетін болады. Сондай-ақ пленэрлік сапарларын Өзбекстан астанасы – Ташкентте, Беларусь астанасы – Минскіде жалғастырмақшы.

 

КӨРМЕНІҢ ФОТОСУРЕТТЕРІН МЫНА ЖЕРДЕН КӨРЕ АЛАСЫЗДАР...

Back to the list