Қостанай: Қоғамдық келісім кеңесінің жаңа басшысы медиасауаттылықты арттыруды ұсынды

Қостанай: Қоғамдық келісім кеңесінің жаңа басшысы медиасауаттылықты арттыруды ұсынды

Версия для печати

Қостанай облыстық Қоғамдық келісім кеңесіне жаңа төраға тағайындалды. Бұл лауазымды Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты ректорының міндетін атқарушының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбіл Еркін иеленді.

Жаңа басшы Қазақстан халқы Қостанай облыстық Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің қоғамдық кеңестермен өзара әрекеттестігінің Бірыңғай күні аясындағы кеңейтілген отырыс барысында таныстырылды. Бұған дейін бұл лауазымды ҚР Педагогикалық Ғылымдар Академиясының құрметті мүшесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александра Суслова атқарған болатын.


«Әлеуметтік желілер мен БАҚ – тиімді және қауіпті құралдар. Оларды орнымен пайдалана білген жөн. Жамбыл облысында орын алған жағдайға әлеуметтік желідегі ақпарат әсер еткен. Бір арандататушының арбауына түскен 300 адам әлеуметтік желіні әбден шулатты. Сондықтан да мен Қоғамдық келісім кеңесінің барлық мүшелері үшін медиасауаттылық жөніндегі оқыту курстарын ұйымдастыруды ұсынамын. Соныдай-ақ, ішкі саясатпен бірге қоғамдағы дау-дамайлар бойынша сараптамалық жұмыстар жүргізіліп, мониторинг өткізіліп, ұсыныстар келтірілуі тиіс», - деді Еркін Аманжолұлы.

Кеңес мүшелерінің барлығы төрағаның ұсынысын қабылдады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «Біздің басты құндылығымыз - қоғамдық бірлік мен ұлтаралық келісім» деп атап өткен болатын. Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған жағымсыз оқиғаларға қарамастан Қазақстан халқы бір-біріне бауыр. Біздің ел - бейбітшілікті ту етіп ұстайды. Талай сұрапыл кезеңдерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ата-бабамыз аманат еткен бірлікті сақтап қалдық. Біз өз балаларымыздың жарқын болашағы үшін ұлтаралық араздыққа жол бермеуіміз қажет», - деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бибігүл Аққожина.


Іс-шара барысында Меңдіқара аудандық Қоғамдық кеңесінің төрайымы Наталья Козлова аудандардағы Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі туралы баяндаса, Қоғамдық келісім кеңес мүшесі Сергей Жалыбин облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің қызметіне тоқталды. «Nur Otan» партиясы ҚОФ өкілі Руслан Джаменков Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Nur Otan» партиясының ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылған жұмыстарды қорытындылап, «Nur Otan» партиясының қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған жоспарымен бөлісті.

Back to the list