Қостанайда Казак мәдениетінің күні өтті

Қостанайда Казак мәдениетінің күні өтті

Версия для печати

Қостанайда Троицк казак хорының концерті жоғары деңгейде өтті. Оңтүстік Оралдан келген танымал ансамбльдің  өнерін тамашалауға  400-ден астам адам жиналды.

Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Анатолий Ткачев  жетекшілік ететін шығармашылық ұжымның Қостанай қаласына төртінші рет келуі. Әншілер қауымы облыстық Достық үйі мен Сібір казактарының бірлестігі ұйымдастырған Казак халқының мәдениеті күні аясында әсерлі де әуезді туындыларын паш етті. 

ABcaxUlPgzk.jpg

32 жыл бұрын құрылған ұжым  құрамы 18 рет ауысты. Павел Хрипко есімді өнерпаз хор құрылған күннен бастап ән айтып келеді. Ол «Степь» («Дала дауысы») әдеби бірлестігінің төрағасы, өлең, проза жазады. Аты аңызға айналған Троицк казак хорының қалыптасу, даму тарихы сипатталған кітаптардың авторы.

Қостанай облысы Қарабалық ауданының тумасы Гүлнәр Нәжімова жиырма бес жылдан астам уақыт бойы ансамбль құрамында танылып келеді. Ақылына көркі сай, дауысы зор қазақ қызының өнеріне тәнті болмау мүмкін емес.

«Менің балалық шағым Қазақстанда өтті. Менің анам  Роза Кибекова скрипка аспабын меңгерткен, талай дарынды жасты түлеткен ұстаз. Мен анама қарап бой түзедім. Сергей Дмитриевич Лысоченко басқарған Қарабалық ауданындағы балаларға арналған музыкалық мектепті  тәмамдадым. Көптеген байқауларға, концерттерге, тіпті «Әнші балапан» ән байқауына қатыстым. 1990 жылы отбасыммен бірге Троицк қаласына қоныс аудардым. Менің әнімді естіген Анатолий Александрович жеке хорына шақырды. Жиырма бес жылдан астам уақыт бойы Троицк казак хорында ән айтып келемін. Менің ізбасарым да бар,  қызым Карина хор құрамында өнер көрсетеді», - дейді әнші.

73L5cvzV28I.jpg

Казак халқының мәдениеті жан дүниеңізге қаншалықты жақын деген сұраққа  әнші күліп, жауап береді: «Казактар да, қазақтар да ат құлағында ойнайды, еркіндікті, ән мен жырды жандары сүйеді. Біз Қазақстанға қуана келеміз, жұртшылық  бізді әрдайым жақсы қарсы алады, біз де жан жылуымызбен бөлісеміз. Қонақжай Қостанай қаласының  тұрғындарына алғысымыз шексіз», - дейді әсем дауыс иесі.

Гүлнәр Нәжімованың қазақ тілінде орындаған  әні халықтың жүрегіне жетіп, тыңдармандар толассыз қошемет көрсетті. Шығармашылық ұжымның әрбір әні  көрермендердің тарапынан қолдау тапты. Концерттің соңына қарай хор ешбір фонограммасыз «Марш славянки» туындысын орындап, барлық көрермендер әртістермен бірге ән шырқады.

Back to the list