ШҚО: Абай мұрасын тануға жастар молынан тартылуда

ШҚО: Абай мұрасын тануға жастар молынан тартылуда

Версия для печати

Кемеңгер ойшыл, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Өскемендегі Достық үйі–Қоғамдық келісім орталығы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасымен бірлесе отырып мерекелік кеш ұйымдастырды.


Мерекелік кештің шымылдығын «Шабыт» студенттер театрының өнерпаздары ашты. Олар Абай қара сөздерін оқып, қойылым қойды. «Ақниет» вокалдық ансамблі Абайдың танымал туындыларын нақышына келтіре орындап, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.


«Біз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсететін ақ жаулықты аналар болған соң, Абайға арнап кеш ұйымдастыруды жөн көрдік. Оған әсіресе жастарды, оқушыларды тартуға тырыстық. Жастардың қазақтың ұлы ақынын білуі, шығармашылығын тануы – маңызды», - деді ансамбль жетекшісі Гүлшат Смағұлқызы.


Кеш Абай өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақ-жауаппен жалғасты. Жиналған оқушылар ерекше белсенділік танытты. Тіпті, Абайдың өлеңдерін жарыса оқып, қара сөздерінен үзінді келтірді. Кітапхана ұжымынан сұраққа дұрыс жауап бергендерге естелік сыйлықтар таратылды.


«Атамұра» ансамблі ақсақалдары Абай Құнанбайұлының арнауын орындап, кеш «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқаумен аяқталды.


Back to the list