Солтүстікқазақстандық немістер депортация құрбандарын еске алды

Солтүстікқазақстандық немістер депортация құрбандарын еске алды

Версия для печати

28 тамыз неміс халқы үшін тарихи қаралы күн болып есептеледі. 1941 жылы дәл осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің  «Еділ бойы аудандарында тұрып жатқан немістерді қоныстандыру туралы» Жарлығы жарияланған болатын. 


Неміс халқының тағдырына орасан зардабын тигізген аталмыш құжат тұтас халықтың туған жерден іргесін суытып, үдере көшуіне себеп болған. Тарих бетіндегі ақтаңдақтың құрбаны болған аға ұрпақтың ерлігі мен қасіретін ұмытпау үшін неміс халқы бұл күнді Еске алу күні ретінде атап өтеді.


Осыған орай, «Видергебурт» Солтүстік Қазақстан облыстық неміс мәдени орталығы «Пресвятого Сердца Иисуса» ғибадатханасының Рим-Католик Приходында еске алу дін жоралғысын жасады. Ғибадатхана жанындағы мұражайға жиналған орталық өкілдері гүл шоқтарын қойып, тарихи Жарлық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.


Бұдан кейін жиналғандар неміс мәдени орталығына бет алды. Аталмыш шарада сөз алған орталық президенті Эльвира Ковзель: «Бұл Жарлық Еділ бойындағы немістерге ғана емес, Қырым, Украина және Кавказ тұрғындарына да қатысты болды. Аталмыш құжатта «Немістер гитлерлік Германияға белсенді көмек беріп келеді» деген айып тағылды. Неміс ұлтының өкілі болғаны үшін де олардың тағдыры ұзақ жылдар бойы депортациямен, ауыр еңбекпен, аштықпен, соғыстан кейінгі комендатурамен сыналды. Ең сорақысы, ана баласынан, әке жарынан айрылды. Бүгін күллі елге қасірет сыйлаған, жүректерде ауыр қайғы ізін қалдырған осы оқиғаға байланысты 78 жыл өтті. Біз жыл сайын жиналып, халқымыздың тарихи қасіретін еске аламыз. Сол арқылы жүрегімізде ата-бабаларымызға деген махаббат пен алғысымызды сақтаймыз», – деді.

Кездесу барысында іс-шараға қатысушылар соғыс жылдарында фашистік Германияны жақтамаса да, әділетсіз айыптауларға ілігіп, зардап шеккен өздерінің отбастары туралы естелік оқғаларымен бөлісті.


Back to the list