Сыр бойына қоныстанған корейлер: тарих пен тағылым

Сыр бойына қоныстанған корейлер: тарих пен тағылым

Версия для печати

Кең-байтақ қазақ жерінде тілі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір көптеген халықтардың өкілдерімен бірге егемен еліміздің іргесін бекітіп, керегесін кеңейте түсуге атсалысып келе жатқан халықтардың қатарында корейлер де бар. Олар қашан келді? Жалпы саны қанша еді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-і, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Дәулет Омаров айтып береді.


– Жалпы Қазақстанға көшіп келген корейлердің ата қонысы Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесі. Бұл жерлерде ерте замандарда Пархэ, Чхон секілді мемлекеттер болғаны тарихи деректер айғақтайды. 1860 жылы Ресей мен Қытай арасындағы Пекин трактатынан кейін бұл жерлер Ресей империясының құрамына кірді. 1863 жылдан бастап Приморье өлкесіне корейлердің қоныстануы басталды. Өз еліндегі ауыр мемлекеттік салықтар, астықтың шықпай қалуы корей шаруаларының ата қонысынан ығысып, Приморье өлкесіне келіп қоныстануын тездетті. Деректер бойынша 1900 жылы Приморье өлкесіндегі корей иммигранттарының саны 100 мың адамға жуықтаса, 1919 жылы Бірінші март қозғалысы кезінде олардың саны 300 мыңды құрады. Корейлердің Ресейлік Қиыр Шығысқа келіп қоныстануының үлкен тарихи маңызы болды. Біріншіден, Пекин трактына келісіміне қол қойылғаннан кейін Ресейде Қиыр Шығыстағы бос жатқан жерлерді игеру үдерісі басталды. Владивосток теңіз портының құрылысы қарқынды жүрді, Сібір темір жол құрылысы жанданды, кен орындарын игеру, орман ағаштарын дайындау т.б. жұмыстар атқарылды. Ауыр қол жұмысын талап ететін бұл қиындығы мол бұл жұмыстарды атқаруда корей қоныстанушылары да белсене араласты. Екіншіден, Кореяны жапон басқыншыларынан азат етуде ресейлік корейлер маңызды роль атқарды. Ресей территориясында басылып жарық көрген «Хэджо синмун», «Тэдон гонбо», «Квоноп синмун» және тағы басқа корей басылымдары корей халқының жапон басқыншыларына қарсы күресінің басты жаршылары болды. Ал Владивостоктағы Кэчхонни және Синханчхон секілді корей слободалары 1911-1922 жылдар аралығында антижапондық қарсылық қозғалыстарының орталығы болды. Корейлер 1917 жылғы Қазан төңкерісіне де, азамат соғысына да, жапон басқыншыларына да қарсы қозғалыстарға қатысып, социализм құруға белсене араласты. 1917 жылдың 21-31 мамыры аралығында Уссуриде түрлі ұйымдардың атынан 100-ден аса адам қатысқан Бүкілресейлік корейлердің съезі өтті. Жиында Ресейде тұратын корей ұлттық ұйымдарының басын біріктіретін Бүкілресейлік корей атқару комитетін құру жөнінде шешім қабылданды. Әлеуметтік қиындықтар мен тағдыр тәлкегіне қарамастан сол қарсаңда Владивостокта корейлердің өздерінің Қиыр Шығыс педагогикалық институты, педагогикалық училищесі, театры, кітапханасы, газет-журналдары щығып тұрған.

Жергілікті жағдайда тіршілік етуді үйреніп, тұрақты мекенге айналдырды. Ұлттық дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен тілін сақтай білді. Олар тек Қиыр Шығыста күріш шаруашылығын дамытуға ғана емес, қоғамдық өмірге де белсене араласты.


– 1927 жылы 19 тамызда Қиыр Шығыс корейлерін басқа аймақтарға күріш егу үшін қоныстандыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бірақта бұл қоныстандыру депортациялау емес еді. 1930 жылдардан бастап сталиндік саясаттың ықпалымен ресейлік корейлердің тарихында жаңа кезең болды. Сол 1930 жылы «Правда» газетінде «Кеңестік Қиыр Шығыстағы жапон шпионажы» деген мақаланың жарық көруі корей халқына қарсы күресті күшейтіп жіберді. 1937 жылдың 21 тамыз күні Кеңестер Одағының Халық Комиссарлар кеңесі және ВКП(б) Орталық Комитеті «Қиыр Шығыстағы корей халқын шекарадағы аудандардан қоныс аудару туралы» қаулы қабылдады. Бұл қоныс аудару халықтың еркінен тыс, күштеп қоныс аудару еді. Корейлердің Қиыр Шығыстан КСРО-ның ішкі аймақтарын көшірудің себебін кеңестік үкімет Жапония тарапынан төніп тұрған соғыс қаупінен деп түсіндірмекке тырысты Ұлт зиялыларының көптеген көрнекті тұлғалары күштеп көшіру басталмай-ақ қуғын-сүргіннің құрбандары болды. Артынан бүкіл корей халқы өкілдеріне түгелдей «жапон шпионы» деген айып тағылды. Тағы да дүрбелең, тағы да жат жерге таныс емес, алыс жерге қоныс аудару корей халқы үшін тағдырдың ауыр сынағы болды. Көптеген корей ұлтының қариялары, балалары межелеген жерге жетпей қайтыс болған жағдайлары да көп болды. Қиыр Шығыстан күштеп көшіру 1937 жылдың қазанында мерзімен бұрын аяқталды.

«КСРО Ішкі істер халық комиссары Н.Ежов КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотовқа: «Құрамында 36442 отбасы – 171781 адамы бар, оның ішінде Өзбек КСР-іне 16272 отбасы, яғни 76525 адам, Қазақ КСР-іне 20170 отбасы, яғни 95256 адам тиеген 124 эшелонмен көшірілді...» Қазақстанға көшірілген корейлер негізінен 9 облысқа Оның ішінде Алматы облысы ­­­­­­– 4774, Қызылорда облысы -6776, Гурьев облысы ­-913, Ақтөбе облысы – 1285, Қарағанды облысы -2285, Солтүстік Қазақстан облысы-1500, Оңтүстік Қазақстан облысы-1698, Қостанай облысы - 720 отбасы көшірілді. Сөйтіп корейлер Қазақстанның барлық территориясына таралып орналасты, бірақ негізгі қонытану аймағы Қызылорда және Талдықорған өңірі болған», – дейді зерттеуші.

– Қазақстанда тұратын корейлердің тағдырына байланысты алғашқы құжаттардың бірі КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1938 жылғы 20 ақпандағы «Қазақ ССР қоныс аударушыларының шаруашылық негіздегі мекемелерге орналастыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысы болды. Бұл құжатта Қазақстанға қоныс аударған корей отбасыларын орналастыру тәртібі айтылған. Қызылорда облысына келген корей отбасыларынан Қызылорда қаласына – 1160, Қазалы ауданына – 1139, Қармақшы ауданына – 2155, Жаңақорған ауданына – 600 отбасы қоныстандырылды. Корейлермен бірге келген педагогикалық институт, мұғалімдер иституты, жұмысшы факультеті, педагогикалық училище және 39 мектеп облыс аумағына орналасты. Қызылорда облысына келген қоныстанушылардың 3386 колхоздарға және 2241 күріш өсіру саласына, дәнді бақшалық өсіруге, балық шаруашылығына және өнеркәсіп кооперациясына орналасты. 400 отбасы Қызылорда қаласындағы мекемелер мен өндіріс орындарында жұмыс істеді. Көшіп келген корейлерге сыр бойылықтар барынша қайырымдылық пен жанашырлық көрсетіп, қолдан келген көмегін аямады. Қоныс аударып келген корей халқы қатал тағдырдың сынына төтеп беріп, келген жерінде өзінің ата кәсібі күріш шаруашылығын бұрынғы дәстүрмен жалғастырды. Қоныс аударушы – корейлердің тұрмыстық шаруашылығы ауыр жағдайда экономикалық-әлеуметтік адаптация этаптарынан өтті.

Көптеген корей халқы тез арада ұжымдық шаруашылықтарға, өнеркәсіп артелдеріне кіріп, өздерін достық ниетпен құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ халқымен бірге еңбек етіп, ел экономикасының көтерілуіне үлес қосқан.

– Қазақстан Орталық Атқару комитетінің ұйымдастыруымен облыста 26 жекелеген корей колхоздары құрылды, оның ішінде Қармақшы ауданында –2, Сырдарияда –7, Шиеліде–3, Тереңөзек, Қазалы, Жаңақорған аудандарында -2-ден. Жаңа қоныстанушы колхоздармен тұрақты мекемелерде қаржы және материалдық ресурстар жетіспеді. Әсіресе қыс уақыттарында тұрғын үй құрылысы, ең қажетті әлеуметтік тұрмыстық және мәдени обьектілер, шаруашылық құрылыстарын салу қиынға соқты. Соған қарамастан корей халқының ұйымдастырушылық тәжірибесі мол азаматтарының арқасында кейбір шаруашылықтарда жақсы тұрмыстық жағдайларға қол жеткізді. Атап айтқанда облыстағы «ІІІ-интернационал», «Гигант», «Авангард» колхоздары кезінде Кеңестер Одағындағы суармалы күріш шаруашылығымен шұғылданатын колхоздардың ішіндегі ең алдыңғылары болып көзге түсті. Олардың барлығының еңбектері зая кеткен жоқ. Осындай шаруашылықтарда мол өнім алу үшін күндіз-түні еңбек еткен және басшылық жасаған Цай Ден Хак, Ким Ман Сам, Ким Ик Се, Ким Чон Ден т.б 30-ға жуық еңбекқор корей ұлтының өкілдерін кеңес өкіметі жоғары награда Социалистік Еңбек Ері атағымен марапаттады. Осылардың ішіндегі Қармақшы ауданындағы «ІІІ-интернационал» колхозын үзіліссіз 46 жыл басқарған Цай Ден Хактың еңбегі ерекше. Цай Ден Хак өзінің ғұмырының соңғы сәтіне дейін өндірістен қол үзбей Сыр өңірінің күріш шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосып кетті. Оның өнегесі кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді. Корейлердің қоныстануымен Сыр елінің экономикасы көтерілді, күріш шаруашылығы қалыптасты, халықтың әл-ауқаты артты. Ең бастысы корей халқы мен қазақ халқының арасында достық, ынтымақтастық, бауырластық қарым-қатынастар нығайды.


1930-1940 жылдары Республикаға күштеп қоныс аударылған корейлер жан басының азаюы, рухани құндылықтарының жоғалуы сияқты көп зардап шекті. Дегенмен олар партия, кеңестік және қоғамдық ұйымдардың өмірінде белсенді қызмет атқарып, Қазақстанның халық шаруашылығының барлық саласына айтарлықтай үлес қосты, ерен еңбегінің арқасында көптеген нәтижелерге қол жеткізіп, ұлттық мәдениеті мен тілі дамыды, зиялы қауым қалыптасты.

– Көшіп келіп, қоныстанған алғашқы жылдары адам төзгісіз ауыр жағдайда өмір сүріп, көптеген қиыншылықты бастан кешірсе де, шыдамдылығы мен қайсарлығының, еңбеккерлігінің арқасында тұрғылықты халық арасында құрметке ие болып, қоғамда өз орындарын таба білді. Қазақстандағы корейлер саны 1989 жылы 100, 739-ке жетсе, ал 1999 жылы 99,662-ға кеміді. Оған себеп көпшілігінің басқа мемлекеттерге кетуі немесе байырғы Отандарына оралуы болды. Кеңестік корейлердің өмірінде корей театрының алатын орны зор. Бұл театр алғаш рет Владивостокта ашылған екен. 1937 жылы сол өнер ордасы әртістерінің негізгі бөлігі Қызылордада тұрақтады. Осының арқасында Қызылордада корей музыкалы драма театры қайта құрылды. Ұжым 1968 жылы Алматыға қоныс аударып, музыкалы комедия театрына айналды. Қазақстандағы тұңғыш корейше мерзімді басылым «Ленин кичи» газеті де Қызылордада жарық көрді, Кейін оның редакциясы да республиканың сол кездегі астанасы Алматыға орналасты. 1989 жылы 28 қазанда Қызылорда қаласында «Корей ұлттық-мәдени орталығы» құрылды. Бұл облыстық ғана емес, республикадағы алғашқы ашылған маңызды орталық болды. Этно-мәдени орталық Корей халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін, туған тілін, өлкедегі өзге халықтардың тарихын білуге мүмкіндік жасап отыр. Корей ұлттық этно-мәдени орталығының алғашқы басшысы сол кезеңде «Кызылординский вести» газетінің бас редакторы болған Евгений Харитонович Хан болды. Е.Х. Ханның отансүйгіштігі арқасында ең бірінші корей тілін үйрететін жексенбілік мектеп құрылды. Одан кейінгі жылдары Л.Н. Ким басқаратын «Хон Бом До» атындағы қоғамдық қор құрылды. А.П. Чагай басқаратын «Ге Бон У» қоғамдық қоры жұмыс жасады. Қазақшаға жетік бұл азамат бір кездері Тілдерді дамыту департаментін де басқарды. Ким Дон Чер басқаратын «Коре сарам» ардагерлер ұйымы ашылды. Қызылорда қаласындағы корей ұлттық –мәдени орталығы аймақтың, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өміріне өз үлестерін қосып келеді. 1937 жылы 15 қазанда Қызылорда қаласына көшірілген Қиыр Шығыс педагогикалық институты корей халқы үшін маман дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орны болды. Қызылордаға қоныс аударылған педагогикалық институттың алғаш директоры Н.И. Цой болды. Оны 1937-1938 оқу жылында А.А. Боробов ауыстырды. Институт жанында 2 жылдық мұғалімдер институты және жұмысшы факультеті болды. Қазақстан Халық Комиссариатының Кеңесі 1938 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен педагогикалық институтқа жедел түрде оқу ғимараты мен 200 орындық жатақхана салу үшін 1 млн 200 мың сом қаржы бөлді. 1938-1939 оқу жылында студенттер саны 380-ге жетті. 1937-1938 «Қызыл қырғын» салдарынан білікті мамандардың, таңдаулы басшылардың жазықсыз сотталуы, атылуы, елдегі жалпы саяси жағдайдың күрделенуі, соғыс қаупінің төнуі сынды келеңсіз жайттар көптеген студенттердің оқу орнын бітірмей кетуіне себеп болды. Қызылордаға қоныс аударылған бұл жоғары оқу орны елімізде білікті мамандар даярлау ісіне елеулі серпін берді.

Қазіргі уақытта бұл оқу орны түркі әлемінің ойшылы, абызы атын иеленген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Сыр бойындағы – ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасына айналып отыр. Университет Оңтүстік Кореяның бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыстар орнатқан. Жыл сайын Оңтүстік Корея елшілігінің қолдауымен университетте корей күндері өткізіліп тұрады. Оқу орнында шетел тілі:екі шет тілі мамандығының корей бөлімінде бірнеше студенттер білім алып жатыр. Дәрісті жергілікті ғалым-оқытушылармен қатар Оңтүстік Кореядан келген профессор-оқытушылар да жүргізеді.

– Қазіргі таңда Қызылорда қаласы және аудандарда 7565 корей ұлтының өкілдері мекен етіп жатыр. Бұл аймақтағы өзге ұлт өкілдерінен орыстардан кейінгі ірі диаспора болып табылады. Соңғы кездері корейлердің еліміздің ірі қалаларына, өндірісті аймақтарына қоныс аудару тенденциясы байқалуда. Сыр бойына қоныстанған корейлер қай кезеңде болмасын аймақтың барлық саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Олар облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени-рухани шараларына белсене атсалысады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын, білім, ғылым, мәдениет медицина, бұқаралық ақпарат құралдарында, спорт, құрылыс, өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында, ауылшаруашылық секторында да толағай табыстар мен жетістіктерге жеткен корей ұлтының өкілдері жетерлік.

Қасиетті Сыр жері өз отанынан алшақ, өмір сүріп жатқан корей халқына алтын бесік бола білді. Кең-байтақ Қазақстан жерінде қоныс тепкен корейлер еліміздің барлық ұлттары сияқты ортақ Отанымыздың өркендеуіне, гүлдене беруіне өзіндік үлестерін қосып келеді.


Back to the list