Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Тарихтан тағылым – өткенге тағзым

Версия для печати

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек» деп атап өтті. Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Әртүрлі этностардың қоғамда бірігіп өмір сүріп, біркелкі дамуы әрбір көпұлтты мемлекет, соның ішінде Қазақстан үшін күрделі мәселе болып табылады. Егеменді елімізде тұратын ұлттардың өткені мен бүгінін зерттеу, Республикада болып жатқан үрдісті жіті қадағалау мемлекеттің ары қарай дамып қалыптасуы үшін қажет.

Мұндай жайдың Қазақстанды атамекен етіп отырған барлық халықтар мен ұлттардың өкілдеріне, сондай-ақ кешегі күні кеңес өкіметінің қатал саясатының салдарынан туған жерінен қол үзіп қазақ даласына келген, қазіргі күнде республикамыздың тең құқылы азаматтары болып отырғандарға да қатысты екеніне дау жоқ. Лайым солай болғай.

Әрине, кімге болсын туған жерінен күштеп қуылу оңай емес. Атамекенді, сондай-ақ бостандық аңсау сезімі қоныс аударылғандардың кейбіреуін ғана жүрек жұтқандарын, КСРО-ның темір тәртібіне мойынсұнбай қашып кетуге мәжбүр етеді. Мысалы, НКВД, басқа да құқық қорғау органдары осындай тәртіпке мойынсұнбаған қоныс аударушылардың 1947 жылға дейін 24 мың 524-не, 1947 жылы 10 мың 897-не, 1948 жылы 15 мың 424-не, 1949 жылы 11 мың 205-не іздеу салып қуғындаған.

Соғыс жүріп жатқан кезде де тіпті сонан кейінгі уақытта да қашқындарды ұстау, жазалау жүйелі түрде жүргізіліп, 1948 жылдың соңына қарай ұсталып жазаланғандардың саны 30 мың 67 адамға жетеді. Егер бұл жылдардағы жалпы «қашқындар» санының жиынтық мөлшері 50 мың 805 адам болғанын ескерсек, темірдей тәртіп олардың 60 прценттен астамын, түрмеден бір-ақ шығарды. Бейбіт кезеңдей емес, сол аласапыран уақытта да қашқындарды ұстап жазалауға деген мұңдай мұқияттылыққа таңданбау мүмкін еместей. Ал ұсталғандар туралы 1948 жылғы мәліметке көз жүгіртсек, олардың 6577-і неміс, 2208-і солтүстік Кавказдан, 2293-і қырымнан, 315-і курд-түрік, 227-і қалмақ ұлтының өкілдері болатын.

Жалпы халыққа сенімсіздік көрсетіліп отырғанда, қоныстандырушылардың құқық қорғау органдарында істейтін қызметкерлеріне де сенім көрсетілмегені белгілі. Бұл тұрғыда соғыс аяқталғанына төрт жылдай уақыт өтсе де КСРО Ішкі істер министірлігі тарапынан генерал-лейтинант Рясной қол қойған төмендегідей өкім қабылданады.

«КСРО Ішкі істер министірлігі бойынша ӨКІМ. Өлкелік және облыстық Ішкі істер басқармаларының бастықтарына! Келіп түскен сұрау салуларға орай КСРО IIM талап етеді. Ұлы Отан соғысы кезінде тұрақты тұруға қоныс аударылған халықтардың (чешендердің, қарашайлардың, ингуштердің, балқарлардың, қалмақтардың, немістердің, қырым татарларының тағы басқаларының) бұрынғы НКВД – НКГБ, МВД (IIM) – МГБ-дағы (МҚМ) қызметкерлері отбасы мүшелерімен бірге шұғыл түрде жергілікті жердегі арнайы қоныстандырылушылар қатарына есепке алынсын.

КСРО ХКК-нің 1945 жылғы 8 қаңтарда «Арнайы қоныстандырылушылардың құқықтық жағдайы туралы» №35 санды қаулысын және КСРО Жоғарғы Кеңесіннің 1948 жылғы 26 қарашадағы «Қоныстандырылушылардың уақытша және тұрақты тұрған жерден қашуына байланысты қылмыстық жауапкершілігі туралы» жарлығын басшылыққа ала отырып, КСРО НКВД-ның 8 мамырдағы №00246 және 1945 жылғы 7 желтоқсандағы жарлықтарына сәйкес (оларға) әкімшілік бақылау күшейтілсін. Орындау жайында мәлімделсін.

Генерал-лейтенант Рясной, КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары. 12 наурыз 1949 жыл»7 Міне, кезінде КСРО-ның Сталин тұсындағы аз ұлттарға жасаған «интернационалистік» саясатының көрінісі осындай. Халықтар көсемінің қайтыс болуына байланысты ұлттар тағдырына қарсы жасалған қастандықтың темір құрсауы сәл-пәл босаңсығанымен көпке дейін үзіліп кете қоймағаны да көпшілікке белгілі. Ал үзілу КСРО-ның ыдырауымен мүмкін болды. Қазіргі күнде мақалаға арқау болған ұлт өкілдері егемен елдің тең құқылы азаматтары ретінде байтақ Қазақстанда, ынтымақты тірлікпен бейбіт күй кешіп жатыр. «Бірлік болмай тірлік болмайды» дейді халқымыз.

Қазақстанда 1928 жылы орын алған қазақ байларын кәмпескелеу саясаты шын мәнінде кеңестік құрылысқа қарсы «әлеуметтік қауіпті элементтерді» іздестіруге, оларды еріксіз жер аударуға ұласты. 1930 жылы басталған байларды тап ретінде жою науқаны саяси қуғын-сүргінге жаңа қарқын берді. Жаппай жазалау үзіліссіз жүргізіліп, 1937 жылдың 30 шілдесінде КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен қырып-жою операциясы бұрын-соңды болып көрмеген қарқынымен күшейтілді. Осы уақыттан 1938 жыл аралығында Қазақстанда 25833 адам партиядан шығарылып, олардың 8544-і «Халық жаулары» не олардың «сыбайластары», «әлеуметтік жат элементтер» ретінде айыпталды.

Белгілі қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері түгелге жуық жазаланды. Қуғын-сүргін басталған жылдан Сталин дүниеден өткенге (1953 жылға) дейін Қазақстанда 103 мың адамға саяси айып тағылып, оның 25 мыңы ОГПУ-НКВД үштіктері үкімімен, сот үкімімен атылды. Олар негізінен халықтың қадірлі азаматтары, ұлттың қаймақтары еді. 1937 жылдан бастап «Отанын сатқандар» қатарына жатқызылған халықтарды депортациялау басталды.

1937-38 жылдары КСРО аумағында 3 млн-дай адам «халық жауы» деп ұсталған. Соның ішінде Қазақстаннан 103 мыңдай адам ұсталса, олардың 25 мыңы атылды. Оңтүстік өңірінен атылған азаматтардың саны 2500-ге жетіп жығылды. Кейінгі зерттеулерде тарихтың ақтаңдақтары жайлы құнды деректемелер ашылуда, бұл жайында жастар жылында әрбір тәләмгерлік топтарда ашаршылық құрбандары, қуғын сүргін құрбандары, жазықсыз жапа шегіп ату жазасын арқалаған жерлестеріміздің саны 5000 –ге жетіліетіп жылатыны зерттеулерді қажет етеді.Осы зерттеулерге студент жастарды шақыру қажеттілігі туындайды. Осынау саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «Қасірет» мемориалы жанында жыл сайын еске алу жиыны өткізіледі.

«Қасірет» мемориалы Шыкент қаласындағы бұрнағы Түлкілісай, бүгінгі Қайтпас елді-мекенінде орналасқан. Ел арасында бұл сайдың Албастысай деген және бір атауы болған. Мұнда сонау 1937-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген. Көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны қаншама?! Осы зобалаң жылдары «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында», – деген желеумен алғаш Қазақстанға Қиыр Шығыстан 18526 корей отбасы, барлығы 102 мың корей күштеп көшірілді. 102 мың поляк жер аударылды. Жаумен ынтымақтасты деген сылтаумен 1941 жылы Қазақстанға 361 мың неміс жер аударылды. 40 мыңнан астам неміс ұлтының өкілдері сенімсіздер ретінде майдандағы әскер бөлімдерінен босатылды.

1943-1944 жылдары Қазақстанға 507 мың адам жер аударылды, олардың ішінде поляктар, қарашайлар, шешендер, ингуштар, тағы басқалары болды. Сталиндік зұлмат тұтас ұлттарды сойқан саясаттың құрбаны етті. Қазақстанға осы кезеңде 1 миллион 210 мың адам жер аударылған екен. Кешегі қуғын-сүргіннің зардабын тартқан ұлттар бүгінгі күні қазақ халқымен бірге өмір сүріп, біте қайнасты.

Қазіргі кезеңде олар тәуелсіз Қазақстанды гүлдендіру, көркейту мақсатында берекелі бірлікте, тату тірлікте тізе қосып, еңбек етуде. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі жаппай саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға қатысты әділеттілікті қалпына келтіру, осы қуғын-сүргіннің барлық құрбандарын ақтау, оларға тигізген моральдық және материалдық залалды қазіргі уақытта барынша мүмкін болатын өтеуді қамтамасыз ету мақсатында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылдады.

Түңғыш Президент Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен «1997 жыл – Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы аранайы кафедрасы жыл сайынғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасының 10-жылдығына және Қазақстан халықтың күштеп жер аударылуының 75-жылдығына арналған іс-шаралар өткізуге ұйытқы болды.

А.Е. Есеналиев, з.ғ.к., доцент,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ

«Қазакстан халқы Ассамблеясы»

арнайы кафедрасының меңгерушісі


Back to the list