Тілге деген құрметтің белгісі – Тіл сарайы

Тілге деген құрметтің белгісі – Тіл сарайы

Версия для печати

Қазақстанда бірегей болып саналатын Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында бой көтерген ғимараттардың бірі – Тіл сарайы сонау 2010 жылы сол кездегі аймақ басшысы Серік Үмбетовтің тікелей басшылығымен тұрғызылған еді.


Тіл сарайын салудағы басты мақсат – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын жүзеге асыру болып табылатыны айдан анық.

Осыдан 9 жыл бұрын пайдалануға берілген ғимаратқа облыстық бюджеттен үш жүз төрт миллион теңге қаржы жұмсалған. Ал оның құрылысын Алматының құрылыс компаниясы орындап шықты.

Жалпы көлемі 1800 шаршы метрді құрайтын көрікті де зәулім ғимараттың бірінші қабатында облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының бес оқу кабинеті мен өз алдына бөлек отау болған әдістеме кабинеті орналасқан. Заманауи оқу құралдарымен жабдықталған қазақ, орыс және ағылшын тілі дәрісханаларда тілді оқып үйренуге ниет білдірген әрбір тыңдаушыға қажетті барлық жағдай жасалған.

Көрікті ғимараттың екінші қабатында облыстық тілдер басқармасының қызмет кабинеттері мен жетпіс орындық конференцзал және жетпіс орындық кіші мәжіліс залы жайғасқан.


Соңғы үлгіде жабдықталған осындай оқыту ғимаратының пайдалануға берілуі мемлекеттік тілден басқа орыс, ағылшын тілдерін оқытудың материалдық-техникалық негізін нығайта түсетіні айтпаса да түсінікті.

Жалпы Тілдер сарайы 2010 жылы ғана пайдалануға берілгенімен, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» 14 жыл бұрын ашылып, ол Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, Тілдерді қолдану мен дамытудың өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру жолында бірталай іс атқарып келеді.

Аталмыш орталық бертін келе «Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылады.

Үш жыл бұрын Орталықтың Алакөл, Еңбекшіқазақ, Қаратал, Қарасай, Сарқан, Ұйғыр, Іле аудандары мен  Қапшағай, Текелі қалаларында аудандық, қалалық тоғыз филиалы ашылып, ойдағыдай жұмыс істей бастады.

Сайып келгенде, Талдықорған шаһарындағы «Тіл сарайы» тәуелсіздігіміздің 20-жылдығына орай Жетісу жеріне жасалған үлкен тарту болды деуге толық негіз бар.

Сол кездегі Тіл басқармасының басшысы Тәңірберген Қасымберкебаев айтпақшы, «Тіл сарайының» ашылуы – тілімізді төрге шығарғанымыз, тіл құдіретін арттырғанымыз. «Тіл сарайы» – бүгінде біздің тілдік айнамыз, зор мақтанышымыз».

2010 жылы Талдықорғанға ресми сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тіл сара­йын» көріп: «Үш тұғырлы тілді дамыту керек. Ол – уақыт талабы. Талдықорғандағы «Тіл сарайының» жұмысына көңілім толды» деп баға беріп кеткен еді.

Тіл сарайында үш тұғырлы тілді дамытуға арналған қыруар шаралармен қатар жүйелі түрде түрлі деңгейдегі семинарлар, ономастикалық конференциялар ұйымдастырылып өткізіліп тұрады.

Тіл саясатын егжей-тегжейлі түсіндіріп, насихаттау мақсатында аймақтық Тіл басқармасы тілдік ахуалды саралауға арналған облыстық семинарлар, тілдер фестивалін, конкурстар мен байқаулар өткізіп, телевизиялық байқауларды түсіріп тұруды жақсы дәстүрге айналдырған.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалы мен Тіл басқармасы арасында аймақтағы тілдік ахуалды барынша жақсарту мақсатында қол қойылған екіжақты меморандум өз жемісін беруде.

Бұл тіл саясаты бағытындағы жұмыстарға қоғамдық бақылау орнатудың тиімді жолы болғаны көңіл көншітеді. 

Back to the list