Ғылыми-сарапшылық кеңес Елбасы Жолдауын талқылады

Ғылыми-сарапшылық кеңес Елбасы Жолдауын талқылады

Версия для печати

Президент Н.Назарбаев 5 қазандағы халыққа Жолдауында еліміздегі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді атап, соған сәйкес құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. 

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі  басты басымдыққа айналуы тиіс екенін алға тартты. Тіпті, лауазымды тұлғаның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтынын да ескертті. Елбасы Жолдауын кеңінен тарқатып, талқылау мақсатында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты сарапшылық отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректор, экономика ғылымдарының докторы Айгүл Көшербаева, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары мен кафедраларының жетекшілері, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.    

Отырыс барысында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде, мемлекеттік қызметкерлерді даярлауды жаңғыртудың негізгі трендтері және Президент жолдауын жүзеге асырудағы жастардың рөлі талқыланды. 

Іс-шара модераторы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, ҚХА ҒСК төрайымы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвокасова бүгінде халқымыздың әл‐ауқатын арттыру, адами құндылықтарды қалыптастыру, білім жүйесін жаңарту, жастар проблемасын шешу күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселелер екенін айтты.

 «Халықтың әл-ауқаты тек қана экономикалық көрсеткіштерге сәйкес деуге болмайды. Жолдауда бұл жөнінде, яғни халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріліп отыр. Сондай‐ақ, адами құндылықтарға басымдық берілген. Оның ішінде, бала тәрбиесі, ұстаз мәртебесі, қоғам үшін құндылық ретінде білім жүйесі, т.б. Жалпы, биыл Елбасы Жолдауы бір жылда екі рет болып отыр. Жылда тарихи уақыттың тығыздалуы дегенді айтамыз. Бұл да бір соның көрсеткіші. Себебі экономикалық жағдай өзгеруде, қоғамда болып жатқан өзгерістер де көп. Кей кезде қоғамның өзгеруі басқармалық тетіктер бір-біріне сәйкес келмей жатады, бұл қиындық туғызады» дейді ол.

Ал ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректор Айгүл Көшербаева Елбасы тапсырмасы негізінде орталықтарының Қазақстан халқы ассамблеясымен, Президент әкімшілігімен айтарлықтай жұмыс атқарып келе жатқанын атап өтті. «Жолдауда айтылған мемлекеттік кіріс этникааралық, конфессияаралық саясат пен келісімге тікелей байланысты. Академия алдағы уақытта да саяси мемлекеттік қызметті жетілдіру және жаңа формация басқарушыларын даярлау бойынша қарқынды жұмыс атқармақ» дейді ол.

Этникалық топтардың кіріс ерекшеліктері мен жастар мен білім мәселесі талқыланған жиында Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның Әлеуметтік-демографиялық даму зеррттеулер орталығының директоры Батжан Ақмолдина этникалық құрылым бойынша кіріс статитикасын келтірді.

«Елбасы Жолдауында қазақстандықтардың табыс мөлшері төмен екендігіне мән берді. Сондықтан халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ең алдымен, ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Осы кезекте, Қазақстанда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің табысының аздығына байланысты зерттеу жүргіздік. Оған еліміздегі 16 аймақтан алты мыңға жуық адам қатысты. Байқап отырғанымыздай, бәрінің де негізгі табысы ‒ ай сайын алатын жалақысы. Кірістің 60-қа жуық пайызы сол айлығы» дейді Батжан Ақмолдина.

Жиырмаға жуық этнос өкілдері арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінше, әрқайсысының кәсіпкерлікпен айналысу бойынша пайыздық көрсеткіші 10-20 пайыздың арасында. Сондай-ақ, сауалнама респонденттерінің 60 пайыздан астамы алатын табысы күнкөріске жететінін, кейде «біріне жетсе, біріне жетпейтінін» айтса, аз ғана пайызы табысына көңілі толатынын, өзін ештеңеден шектемейтінін жеткізіпті.

Бұл тұрғыда, жиын қонағы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев сауалнама жүргізілген ортаның ауқымына назар аударды. Мұндай зерттеу жұмыстарын жүргізуде этнографтар-ғалымдардың да көмегіне жүгінген абзал және ол кең ауқымды қамтуы тиіс екендігін айтты.       

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

     

 

 

 

 

 

Дата события ассамблеи: 
16.10.2018

Back to the list