Қызылорда облысының Шиелі ауданында 22 этноауыл бой көтерді

Қызылорда облысының Шиелі ауданында 22 этноауыл бой көтерді

Версия для печати

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 12-31 тамызы аралығында Қызылорда облысы, Шиелі ауданында «Этноауыл-2019» кешенді мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.


Арнайы кестеге сәйкес әр күн сайын сағат 18:00-21:00 аралығында Ыбырай Жахаев саябағында аудан және ауыл көркемөнерпаздарының сахналық қойылымы мен концерті, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық өнеріміз ұлықталып, қазақ халқының бейнесін аша түсетін қолөнер бұйымдары мен рухани байытатын кітаптар көрмеге қойылды.


Аудан тұрғындары мен қонақтары қазақ халқының, сондай-ақ түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлері, мәдениетінен сыр шертетін түрлі бағдарламаларды тамашалап, көрмелер жұмысымен танысты. Спорттық сайыстарға қатысты.


Мәдени шара Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.


Аудан орталығында өткен мәдени шарада киіз үйлер тігілді, ұлттық ойындар ойнатылды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары дайындалып, шараға жиналған халық дастарханнан дәм татты.  


Аудан жастары алтыбақан ойнап, әуелетіп ән салды. Аудан бишілері мың бұрала би билесе, күйшілер күмбірлете күй төкті. Сондай-ақ аудан тұрғындары қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін қызықты қойылымның куәсі болды.

Бұл күні ұлттық салт-дәстүрді ұлықтаған ұзын саны 40-тан астам танымдық іс-шара жұртшылық назарына ұсынылды.

Жыраулық мектеп өкілдері дәстүрлі ән өнерінен шеберлік сабақтар ұйымдастырса, жас қолөнершілер кілем тоқу, жіп иіру шеберліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болды. 

Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының әкімі: «Биыл жастардың жылы ғой, Елбасының «Жастар жылы» деп атауына байланысты әсіресе, аталмыш шараның жастарға деген үлгісі, өнегесі өте зор деп есептейміз. Әрине, осының барлығы бірігіп, бір-бірімен үндесіп, әрі қарай келешек ұрпақ үшін, үлкен осы дүние болды деп есептейміз».

Шараның қорытындысы ретінде «Өткенін ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған - Шиелі» тақырыбында мерекелік концерт өтті.

Back to the list