Ж.Түймебаев: Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ

Ж.Түймебаев: Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ

Версия для печати

Қазақстан халқы Ассамблеясы этностардың қазақтарға қарама-қарсы мүддесін қорғайтын оқшаулау институты емес, ол қазақ халқы мен этностарды жақындастыру, интеграциялау институты. Бұл туралы бүгін Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстандағы этносаяси маңызды мәселелер: сарапшылар пікірі» дөңгелек үстеліне қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Аталмыш іс-шарада қазақстандық сарапшылар этносаралық қарым-қатынас мәселелерін талқыға салған болатын.


Бұған дейін ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің сарапшылар тобы Қордай аумағында болып, мұндағы жағдайға әлеуметтік-экономикалық зерттеу жүргізіп қайтқан еді. Жансейіт Қансейітұлы жергілікті жерде әлеуметтік-мәдени тұйықтанушылық, оқшаулану мәселелері бар екенін айтты.

Әсіресе, жастардың жалпықазақстандық әлеуметтендіру бағдарламаларына қатыспауы, демографиялық өсімнің тұрақтылығына қарамастан, қалаға немесе басқа да облыстарға көші-қонның аздығы бұл проблеманың тереңдей түсуіне негіз болған.

Оның үстіне дүнген этносының өз ішінде топ-топқа бөлінуі де байқалады. Дүнгендердің яхши және яман топтарының адамдары бір-бірінің мешітінде намаз оқымайды, той-садақаларына бас сұқпайды. Ауыл ішіндегі мешіттер де «дүнгендер» мен «қазақтардың» мешіті деп бөлінеді.

Жансейіт Қансейітұлы мұндай этникалық белгісіне қарай әлеуметтік-экономикалық жіктелудің бірнеше деректері мен дәйектерін келтірді. Әсіресе, құқық қорғау органдарындағы сыбайластық, контрабанда секілді проблемалардың бар екендігін де айтып өтті.


Дүнгендердің көпшілігі балаларын Қырғызстанда, Қытайда оқытуға мүдделі, сондай-ақ, қырғыз ұялы байланыс операторларын, спутниктік телеарналарын, қырғыз, қытай, ресейлік спутниктік телеарналарды қарайды, Қырғызстанда шығарылатын дүнген тіліндегі баспасөз басылымдарын оқиды.

«Білім беру, денсаулық сақтау, жер пайдалану, әлеуметтік, еңбек қатынастары, ақпараттық кеңістіктегі шешілмеген мәселелер мемлекеттік шекарада жабық этникалық қауымдастықтың пайда болуына әкеліп соқты», - деді жергілікті биліктің әлеуметтік салаларды бақылаусыз қалдырғанын сынға алған Жансейіт Түймебаев.

«Сондықтан этникалық жабық қауымдастықтарда әлеуметтік, тұрмыстық, еңбек, криминальді шиеленістер көп жағдайда этносаралық сипат алып кетеді. Кез-келген кісі өлтіру, зорлау, төбелес секілді резонансты қылмыстар этносаралық шиеленіске от қоюы мүмкін», - деді Ж.Түймебаев.

«Бұл мәселелер бойынша бұған дейін де ҚХА-ның бастамасымен этностардың жинақталған аумақтарында жұмыстар жүргізіліп келді. Нақты қол жеткізілген нәтижелер де бар. ҚХА жұмысының арқасында бірде-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдамады. Ассамблея жалпы алғанда, қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностарды біріктіру жөніндегі басты міндетін атқарды», - деген Ж.Түймебаев әсіре ұлттық-патриотизмнің этностар мен қазақ халқы арасында өшпенділік тудыру қаупі бар екенін айтты.

Жансейіт Қансейітұлы сонымен бірге этносаралық саланы басқаруда жүйелі проблемалардың бар екенін де жасырмады.

«Этносаралық қатынастарды реттейтін заң жоқ. ҚХА туралы Заңда олардың қызметін регламенттейтін шектемелі нормалар ғана қарастырылған. Мемлекеттік ұлттық саясат жөніндегі өкілетті орган – АҚДМ-нің (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) этносаралық қатынастар жөніндегі департаменті әлі күнге дейін нәтижелі қызметке қол жеткізбеді. ҚХА Хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» РМК-ны мемлекеттік орган болып табылмайды, сондықтан оларға қажетті өкілеттіктер берілмеген. Ал жергілікті жерлерде этносаралық қатынастар жөніндегі жұмыстар қалдық қағидаты бойынша жүргізіледі, кейбір аймақ әкімдері, ҚХА төрағалары бола тұра, бұл жұмыстан өз беттерінше қол үзіп кеткен», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ж.Түймебаев этносаралық қатынастарға қатысты ғылыми-талдамалық, болжамдық жұмыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеру керектігін, сондай-ақ, этносаясат мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтын құру туралы мәселе күн тәртібіне енгізілгенін айтты.

ҚХА алдағы уақытта жергілікті жерлерде мәселені тереңірек зерттеу үшін этникалық топтар шорғырланған аудандарға сарапшылардың барып, зерттеу жұмыстарын жүргізуін ұйымдастырады.


Back to the list