Ж.Түймебаев: Этностармен ортақ тарихи тағдыр біздің ұстанымдарымызды бір етті

Ж.Түймебаев: Этностармен ортақ тарихи тағдыр біздің ұстанымдарымызды бір етті

Версия для печати

Бүгін Алматы қаласында қазақстандық молдавандардың «Менің Отаным - Қазақстан!» мерекелік фестивалі өтті. Молдавандардың мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеген аталмыш шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Қ. Түймебаев қатысты.

Оның ұйымдастырылуына «Стругураш» молдаван этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Фестиваль аясында қоғам белсенділері мен ғалымдар бас қосқан дөңгелек үстел, «Әдеби әлем: адамдар, оқиғалар, фактілер» тақырыбында кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Михаил Грозаның сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.


Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев «Стругураш» мәдени орталығының мұндай шараларды жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқанын айтты.


Тарихты парақтар болсақ, алғашқы молдавандар Қазақстанға 1920 жылдары қоныс аудара бастаған. Бұлар Херсон мен Бессарабия аштығынан бас сауғалағандар болатын, одан кейін жаппай депортацияның құрбандары да қазақ жерінен пана тапты.

Деректер 1942 жылдың санағы бойынша Молдавиядан Қазақстанға 2500-ге жуық адамның күштеп қоныс аударылғанын айғақтайды. Ақтөбе облысында Бессарабка және Молдовка ауылдары әлі күнге дейін сақталған.

Қазіргі күні Қазақстанда 14 мыңнан астам молдаван ұлтының өкілі тұрады.


«Тарих тауқыметіне қарамастан, молдавандар бүгінде қоғамның түрлі салаларына сүбелі үлес қосып, еңбек етуде. Олардың арасында әлемдік мәдениетте өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер қайраткерлері де аз емес. Қазақстанда молдавандардың саны аса көп емес. Алайда, олар Қазақстанның көптүрлі мәдениетінде өзіндік орнын алып, қоғамдық және мәдени өмірге белсене атсалысып келеді. Қазақстан этностарымен ортақ тарихи тағдыр, біздің рухани құндылықтарымызды, өмірлік ұстанымдарымызды бір етті», - деген Жансейіт Қансейітұлы молдаван этномәдени бірлестігінің этносаралық келісім, қоғамдық тұрақтылық, мемлекеттік ұлттық саясаттың жүзеге асырылуына жанашырлықпен атсалысып жүргенін айтты.


«Стругураш» молдаван этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 2006 жылы Алматы қаласында құрылды. Орталықтың төрайымы Тамара Елгелдиева.

«Біздің еліміздегі әрбір этностың өз тарихы, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі бар. Жалпы алғанда, біз Қазақстанның біртұтас халқымыз. Қазақстандық қоғамды бір мақсатқа жұмылдырған ұрпақтар тәжірибесін дамытып, жас ұрпаққа сабақтастықты сақтап жеткізуіміз керек», - деді Ж.Түймебаев.

Жансейіт Қансейітұлы "Стругураш" молдаван этномәдени орталығының қоғам жұмысына белсене араласып, еселі еңбек үлгісін көрсеткен мүшелерін Ассамблеяның Алғыс хатымен марапаттады.


Айта кету керек, 1992 жылы Қазақстан мен Молдавия арасында дипломатиялық қатынастардың негізі салынды. Қазақстан-Молдавия саяси диалогының ең басты құндылығы өзара ынтымақтастық пен халықаралық мәселелерді шешудегі мүдделестігі.


Back to the list