Ж.Түймебаев: «Тұңғыш Президенттің жолымен» - қазақстандық әрбір жаңа буынның шамшырағы болады

Ж.Түймебаев: «Тұңғыш Президенттің жолымен» - қазақстандық әрбір жаңа буынның шамшырағы болады

Версия для печати

Елбасының туған жері Шамалған ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедиция» жобасы басталды. Аталмыш шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында тәуелсіз еліміздің құрылуы мен қалыптасуының, дамуының негізін салған ұлттың біртуар тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің бүгіні мен болашағы жолындағы ерен еңбегін халық санасында тағы бір жаңғыртып, ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылуда.

Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде өткен аталмыш шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев экспедицияның мақсаты мен міндетін түсіндірді, сондай-ақ, Елбасының Қазақстан мемлекетіне сіңірген ерен еңбегін баяндады.


«Тұңғыш Президент жолын көпке, әсіресе, жас ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбасының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол. Ел тарихында болған әр сәтте, қол жеткізілген әр жетістікте Елбасының шешімі, ықпалы, қолтаңбасы бар.

Жас мемлекеттің дамудың эволюциялық жолын таңдауы көптеген бейбітшіл бастамаларға негіз болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары тек Қазақстан халқының ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдардың тағдырына игі әсер етті.

Ол Тәуелсіздік алған бойда сан жылдар бойы ядролық сынақтар өткізіліп, экологияға, халықтың денсаулығына орасан зор зиян келтіріп келген Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл бүкіл әлемнің қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам болатын. Н.Назарбаевтың бастамасын бейбітшіліксүйгіш барша елдер қолдады.

Елбасы белгілі бір келіспеушіліктердің салдарынан тыныс-тіршілігі саябырсып қалған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қызметінің қайта жандануының бастамашысы болып, Астана саммиті ЕҚЫҰ тарихына алтын әріптермен жазылды.

Тұңғыш Президент елімізде дүние жүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, зұлматты жылдары тарыдай шашырап кеткен қазақтарды атамекенге шақырды. 2019 жылдың қазанындағы есеп бойынша елге оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асқан. Этникалық қазақтардың елге оралуы халқымызды сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да байыта түсті» - деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.


Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған әлемде теңдесі жоқ бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында құрылған болатын. Көпұлтты Қазақстанда ұлттық саясаттың маңыздылығына мән артқан Елбасы 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет айтқан болатын.


«Біз осы айтулы мерейтойды Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясымен» бастап отырмыз.

Жоба өткен жылы «1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ресми түрде бастау алып, экспедицияның туы мен күнделігі Алматы облысына арнайы тапсырылған болатын. Бүгін Ұлт Көшбасшысы дүниеге келген Шамалған ауылында заңды жалғасын тауып отыр.

Экспедицияның мақсаты мен жүзеге асатын барлық бағыттары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы және еңбек жолымен тығыз байланысты.

Сондай-ақ жоба барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін нығайту бойынша ақпараттық-насихаттық, ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық іс-шаралар жүзеге асады.


«Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» негізгі үш бағыттан тұрады.

Бірінші бағыт – бұл басты бағыт. Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, Үшқоңыр баурайындағы Шамалған ауылында Елбасы өмірге келді, ер жетті, азамат атанды. Сондықтан, бірінші – басты бағыттың Алматы облысынан бастау алуы тарихи заңдылық.

Екінші бағыт – аймақтық немесе өңірлік бағыт, яғни республикамыздың барлық облысында өтеді. Соның ішінде болашақ Президент еңбек жолын алғаш бастаған, жалынды жастық шағы өткен, мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қаласында жүзеге асады. Ары қарай еліміздің түкпір-түкпірін аралап шығады.

Үшінші бағыт – халықаралық бағыт. Экспедиция Елбасы білім мен білігін шыңдаған Украинаның бұрынғы Днепродзержинск, қазіргі Каменское қаласына аттанады. Ары қарай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында айтулы келіссөздер жүргізген, келелі кеңестерге қатысып, сөз сөйлеген, өзекті мәселелер көтерген шет елдерді қамтитын болады. «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» өңірлік және халықаралық бағыттарды аралап, жол бойы Елбасы туралы тың деректер мен қызықты естеліктер жинайды.

Шілде айында Нұр-Сұлтанда қорытындыланып, халықаралық конференция ұйымдастырылады. Соңынан экспедиция күнделігі мен барлық жиналған қызықты материалдар Елбасыға таныстырылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.


«Тәуелсіздіктің 30 жылы, жаңа Қазақстанның негізінің салынуы, жоспарлы экономикадан нарыққа өтудің жемісті транзиті, бейбітсүйгіш мемлекеттің халықаралық беделі – мұның барлығы Елбасы есімімен байланысты және оның теңдессіз, зор еңбегінің нәтижесі. Біздің әрқайсымыздың бұл жетістікке қатысымыз бар. Себебі, біз Елбасы еңбегінің жемісін көріп, Елбасының ісін жалғастырып келеміз. Сондықтан «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясына Қазақстанның барша халқы қатысады. Бұл жобаның идеологиялық мағынасы өте терең. Тұңғыш Президент жолымен – дүниетанымдық жоба, ол Тәуелсіздік жылдарының жалпы құндылықтарының негізінде біздің бірлігімізді нығайтады. Біздің жобамыз болашаққа жол ашып, қазақстандық әрбір жаңа буынның шамшырағы болады деп сенемін. Жоба аясында әрбір қазақстандық Елбасы оның өмірінде қаншалықты рөлге ие болғанын пайымдап, бұл туралы өзгелерге де айтқанын қалаймыз. Халықтық экспедицияны Елбасының туған жерінде бастауымыздың сыры да осында», - деген Жансейіт Қансейітұлы аталмыш жобаның тәрбиелік маңызына мән артты.


Экспедицияның күнделігі мен туын алаңға «Жас көшбасшы - 2019» жобасының жеңімпазы В.Чепель, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар ұйымының аймақтық штабының жетекшісі Р.Усанова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Д.Дигай, А.Байсоев, «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы М.Тажмағамбетова алып шықты.



Шара соңында экспедицияның күнделігі мен туы Қарағанды облысына тапсырылады.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына арналған «АТАМЕКЕН» тарихи-мәдени орталығына, «АНАҒА ҚҰРМЕТ» мұражайына, «БАТЫР БАБАЛАР» мемориалды кешеніне экспедиция ұйымдастырылып, «Бірлік пен келісім сабақтары» өтті.


Back to the list