Жамбыл облысының әкімі этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті

Жамбыл облысының әкімі этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті

Версия для печати

Әлемдегі және оның ішінде өз еліміздегі қарапайым бұзақылық, басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарға «ұлтаралық қақтығыс» деп диагноз қоя беруге болмайды. Бүгінгі интернетпен қаруланған қоғам «отқа май құя» түсіп, қарсы тараптардың арасындағы өшпенділікті қоздырып, алыстан бақылап, анық-қанығы белгілі болмаған оқиғаларға байланысты сырттай тон пішуге әдеттеніп алғандай көрінеді.

Әрине, тек біртұтас ұлт өкілі ғана мекендемейтін мемлекеттерде белгілі бір этнос өкілдерінің қақтығысы болуы мүмкін. Мәселен, АҚШ пен Еуропа елдерінде ақ нәсілділер мен қара нәсілділер арасындағы қақтығыстар әлі де бар. Алайда, бұл ретте осы этнос өкілдері арасындағы қатардағы төбелестерге ұлтаралық деп баға беру дұрыс емес.

Айта кетсек, шиеленістер мен қақтығыстарды шешудің халықаралық тәжірибеде әбден сыналып-мінелген, кем-кетігі жонылған айқын жолдары бар екендігі де рас. Ол – зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуден бас тарту, барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілген мәміле жасау, адамның құқығы мен бостандығын басты құндылықтардың қатарына кіргізу және түйткілді мәселелерді келіссөздер арқылы шешуге тырысу.

Осыған орай, биыл маусым айының бірінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облыстық этномәдени бірлестік өкілдерімен және өңірлік ҚХА мүшелерімен кездескен болатын.

Облыс басшысы Қордай ауданындағы оқиғалардың бәріне сабақ болуын назарға ала отырып, тұрмыстық жанжалдың этникалық сипатқа ие болып кетуінің мүмкін екендігін айтып өтті. Бұдан соң осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ауылдағы мәселелерге егжей-тегжейлі талдау жүргізуді қайтара тапсыру арқылы ұлтаралық келісім мен татулыққа қатысты бірқатар мәселелерді талқыға салды.

Этностар арасындағы келісім мен татулықты нығайту ісі әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екеніне баса назар аудара келе, Бердібек Мәшбекұлы: «Біз бірге болсақ, талай асуларды бағындырамыз! Қазақтар «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпайды. Біз әрқашан татулық пен бірлікте өмір сүрдік. Жылдар бойына қалыптасқан дүниеден бір сәтте айырылып қалуға жол берілмейді. Мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін ақсақалдардың тұтас бір ұлттың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын асыл дәстүрімізді қайта жандандыру қажет. Қазақстанда жүзден астам ұлттар мен ұлыстар тұрады. Біздің еліміз – достық «зертханасына» айналған. Татулық пен ынтымағымызды сақтау – біздің өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз, - деп өз ойын түйіндеді.

Сондай-ақ, облыстық ассамблея құрылымдарына, оның ішінде Ақсақалдар, Аналар кеңесіне, этномәдени бірлестік өкілдеріне және аймақтық ҚХА ғылыми-сараптамалық топтың мүшелеріне ауылдарда тұрақты түрде сауалнамалар жүргізіп, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын анықтауды тапсырды. Өз кезегінде, ҚХА хатшылығының және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ құрылымы мен функцияларының қайта қаралатынын да тілге тиек етті.

Жиын барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген қауымдастығының» төрайымы Айша Идыбо этномәдени бірлестіктер ұлтаралық келісімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосуға тырысып жатқандығын атап көрсетті. Жалпы, «Вынхуа» қауымдастығы» жанынан жуық арада Қоғамдық келісім кеңесі құрылғаны баршамызға аян, оған ақсақалдар, имамдар, аналар және жастар кеңесінің өкілдері енген жетістіктер жөнінде де сөз қозғалды. Олар тұрақты түрде халықпен кездесулер өткізіп отырады. Сонымен бірге, «Вынхуа» қауымдастығының» жастар қанатының мүшелері, дүнген ұлтының 175 педагогы мемлекеттік тілді меңгерген. Бұған қоса, жаңа оқу жылынан бастап барлық бастауыш сыныптар мен балабақшалардағы оқыту мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі де жетістіктер қатарына тіркелді.

Бердібек Сапарбаев ел қиыншылығында қол ұшын созған өзге этнос өкілдеріне ризашылығын білдіре келе, дүнген жұртына су апатына ұшыраған Мақтаарал халқына көрсеткен көмегі үшін ерекше алғысын айтты.

Сонымен қатар, республикалық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы филиалының төрағасы Махмуджон Давришев, «Барбанг» күрділер қауымдастығы филиалының төрағасы Латиф Айдаров та пікірлерімен бөлісті.

Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ұлтаралық араздық ешкімге де жақсылық әкелмейтіні рас. Облысымыздағы этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақтың астында өмір сүріп тәрбиеленген қазақстандық азаматтардың бірлігі берік болады деген сенімдеміз!

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Back to the list